Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шетелден келген қазақстандықтар үшін ПТР тест ақылы болмақ

Елімізде сырттан келген отандастарымызға ПТР тесті анықтамасының құнын өз қалтасынан төлету жоспарлануда, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Шетелден оралған қазақстандықтар үшін ПТР тесті мен карантиндік стационарда болуды ақылы ету туралы әңгіме Батыс Қазақстан облысында СOVID-19 індетін тоқтату мен алдын алуға арналған штаб отырысы кезінде белгілі болды. 

Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арман Қалыбековтің айтуынша, Орал қаласының әуежайында 3 халықаралық әуе рейсі жүзеге асырылады. Атап айтқанда, Шарм-эш-Шейх – Орал (10 күнде 1 рет), Франкфурт – Орал (аптасына 1 рет) және Рас-эль-Хайма-Орал (аптасына 1 рет) бағытындағы әуе рейсі. 

"Биыл 22 қаңтардан бастап Шарм-эш-Шейх – Орал әуе рейсімен 778 жолаушы келді. Оның 465-де ПТР тесті болмай стационарға жатқызылды. 1 жолаушыдан коронавирус инфекциясы анықталды. 22 қаңтардан бастап әуежайда 16 халықаралық рейс жүзеге асырылып, барлығы 1488 жолаушы болды, оның 469-ы карантинге жіберілді", - деді Арман Қалыбеков жиында. 

Қалыбаевтың сөзінше, шетелден келген 1 жолаушыға карантиндік стационарда күніне 14 мың теңге немесе 33,5 АҚШ доллары жұмсалады. 

Сондай-ақ, аталған шарада кейбір санаттағы шетелден келген азаматтар үшін ПТР анықтамасы мен карантиндік стационарда ем алудың құны бюджет есебінен төленетіндігі айтылды. 

Бұған дейін хабарлағанымыздай, еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі коронавирустың жаңа штампын ПТР тест анықтай алмайды деген болжамға қатысты түсініктеме берген болатын. 

Сондай-ақ, алдағы сәуір айында қазақстандық "QazQovid-In" вакцинасының алғашқы партиясы өндіріске шығатыны туралы айтылды. 

Талқылау