"Шетел телесериалына бюджеттен миллиондаған қаржы жұмсаймыз": Депутат отандық киноиндустрияның дамуына алаңдаулы
Сенатор Қайрат Тастекеев премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға депутаттық сауал жолдады. Ол еліміздегі киноиндустрия саласындағы проблемаларды айтты. Әсіресе, отандық телеарна эфирлерін шетелдік телесериалдар жаулап алғанына алаңдайтындығын жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: ҚР Парламенті Сенаты / видеодан скриншот
Сенат депутаты шетелдік телесериалдарға бөлінетін қыруар қаржыны елімізде қалдырып, оны отандық кино саласын дамытуға жұмсау қажет деп санайды.
“Қазіргі кезде қарап отырсаңыздар кез-келген теледидарды ашып қарасаңыздар оның бірінші бетінде шетелдік телесериалдар мен шетелдік мультфильмдер тұратыны бәрімізге мәлім. Шетелдік телесериал сатып алу үшін біз бюджеттен миллиондаған қаражатты жұмсайтынымыз анық. Егерде осы бюджеттен жұмсалатын қаражатты елімізде қалдыратын болсақ, біздің экономикамыз дамып, өзіміздің отандық мамандарды қолдауға және елдегі кино саласын дамытуға жұмсар едік. Осылайша бірнеше мәселелерді шешуге болатын еді”,- деді ол.
Депутат қоғамдағы мәдени және зияткерлік ортаны қалыптастыруда киноиндустрияның маңызы жоғары екенін атады. Оның айтуынша, фильмдер мен телехикаялар ойын-сауық құралы ғана емес, құндылықтарды, білімді насихаттайтын алаң. Сондай-ақ, депутат кино өндірісінің қаржысына тоқталып, сала мамандарын толғандыратын мәселелерді шешу керек екенін жеткізді.
“Егер Қазақстанда әртүрлі бағалаулар бойынша серия үшін төлем 6 мыңнан 30 мың АҚШ долларына дейін болса, онда Ресейде серия үшін 200 мыңнан 400 мың АҚШ долларына дейін жұмсалады. Шетелдік телехикаяларға тыйым салу және өз өндірісіміздің кинофильмдерін дамыту жөніндегі халықаралық тәжірибе де алуан түрлі. Шетелдік өнімдермен бәсекеге қабілетті жоғары сапалы ұлттық фильмдер жасау үшін қазақстандық кинематографистер мен продюсерлерге қаржылық қолдау және салықтық жеңілдіктер беру керек”,- деді Қайрат Тастекеев.