Айына 2 мың доллар табамын: Қазақстандық жігіт Кореядағы жұмыс туралы айтып берді
Оңтүстік Кореяға барып жұмыс істеп, мол табыс табамын деп армандап, әлдебір себептермен шекарадан өте алмай қалған жерлесіміз кәріске ұқсамағаны үшін өкінген. Досы екеуі аталған елге барып нәпақа табуды жоспарлаған. Алайда құжаттарын дайындап, шекарадан өтерде досы өтіп кеткен де, ол өте алмай қалған.
Бұл туралы Otyrar.kz хабарлайды.
«Досым кәріске ұқсайтын еді, мені не үшін екенін білмеймін өткізбей қойды, бәлкім кәріске ұқсамағандығымнан болар…», – деп өкінеді ол.
Бүгінде жастар арасында Оңтүстік Кореяға барып жұмыс істеу «жанып тұрған сәнге» айналды. Жастар ғана емес, егде жастағылар да сол елді жердегі жұмақ санап, мүмкіндігі болса сонда кетіп қалғысы бар. Рас, аталған елге барып жұмыс істеп, көшін түзеп алғандар баршылық. Олардың аузын ашып, көзін жұмып әңгімелегендегі бар шындық онда адам еңбегінің құны бар екендігі. Еңбек күшін бағалайтындығы. Тәулігіне емес, сағатына ақы төленетіндігі.
Ал ең басты қиындық шекарадан өту. Бүгінде шекарадан өткізіп беруде делдалдық жасауды да жолға қойып алғандар бар көрінеді. Ондағы менталитет, мәдениет, Оңтүсік Кореяның дамудың ең жоғарғы сатысына шыққандығын аузының суы құрып әңгімелейтіндер жоқ емес. Сондықтан да болар бүгінде сол жұмақ елге кетуді аңсайтындардың қатары артып отыр.
Ол жақта айына 2 мың долларға дейін табыс табатындар баршылық екен. Сонша ақша тауып үйреніп қалғандар әрине мұнда келіп 40-50 мың теңгені місе тұтпасы анық.
Өңіріміздегі орташа жалақы деңгейі 108 989 теңге деп көрсетілді былтыр. Бұл орташа бағам. Елдің бәрі мұндай жалақыны арман санайды. 30-40 мың теңгеге күн көріп отырған отбасылар бар. Сондықтан да әрине 600-700 мың теңгені кім тапқысы келмейді дерсіз?!
Өткен жылдың желтоқсан айында ҚР Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаментінің директоры Ардақ Мәдиев мәлімдеме жасаған болатын. Оның айтуынша Қазақстаннан Оңтүстік Кореяға 6 500 азамат заңсыз жолмен жұмыс істеуге кетіпті.
«2017 жылдың ортасына дейін Қазақстаннан Оңтүстік Кореяға 5 500 адам заңсыз жолмен көшіп барған. Жылдың аяғына дейін аталған көрсеткіш 6 500-ден асты. Яғни, ол жақтағы заңсыз еңбек мигранттарының саны күрт көбейді. Оңтүстік Кореяның ақпаратына сәйкес онда қазір қара риэлторлар тобы бар. Олар қазақстандықтарды жинап, Оңтүстік Кореяға заңсыз жұмысқа жіберіп отырады. Оларда ешқандай еңбек келісімшарты да, медициналық сақтандыру да болмайды»,- деген болатын.
Бұл жағдай Қазақстан мен Оңтүстік Корея екіжақты визасыз режимді енгізгеннен кейін ушыға түскен. Араларында тіпті қылмысқа барып, қаңғыбас болып кеткендері де жоқ емес көрінеді.
Оқи отырыңыз:
Қостанайда жарымжан әйелдің отбасы 10 жылдан бері тар бөлмеде тұрып жатыр
Қостанай облысында жаңа қала пайда болды
Автобуста отырған әжелер «Қамажай» әнін орындап, көпшілікті сүйсінтті (видео)