Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақстанда көп нәрсе ұнамайды". Отандастарымыз жақсы өмір іздеп шетел асып кетіп жатыр

Жыл басынан бері 9 айда 21 мың адам шетелге көшсе, былтыр 43000 адам буынып-түйініп елден кеткен. Оның жартысынан астамы, дәлірек 52 проценті орыстар. Екінші орында украин мен неміс ұлтының өкілдері. Ал осылардан кейінгі орында қазақтар тұр - 37 пайыз. Шетелге көшіп кеткен сол 37 пайыздың басым бөлігі 25 пен 37 жас аралығындағы жастар екен. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасына сілтеме беріп Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.  

Бұл дегеніңіз Қазақстаннан қыруар қаражат қыр асып жатыр деген сөз. Мысалы, мемлекет оны оқытады, тоқытады, бала-бақшадан бастап, мектеп, университетте білім береді. Ал сол талай жылғы инвестицияны қайтаратын уақыт келгенде көшеді де кетеді. Алмақтың салмағы бар екенін біле тұра өзге елдің экономикасына жұмыс істейді. Әрине бұл көштің объективті себептері де бар. 

Атыраулық Фатима Аманжолдың Түркияға көшіп кеткеніне бес жылдан асыпты. Жат жердегі өмірі өзіне ұнайды. Шет елде жеңіл өнеркәсіп саласында қаржыгер болып жұмыс істейді. Докторантурадағы оқуын қызметімен ұштастырып жүр. Бұйырса алдағы жылы Стамбулдан баспана аламын, - дейді.

"Түркияда тұратын қазақтар өте көп, танитын қазақтарым өте көп. Олар да осы жақта жұмыс жасасам, оқысам деген ниетпен келген қазақтар. Соңғы уақытта туркияға қызығушылық өте артуда. Қазақстанда да, Түркида да өмір сүру оңай. Аса бір айырмашылық байқамадым. Өзіңіздің қабілетіңізге қарай оңай да қиын жақтары бар, бірақ менің Қазақстандағы өмірім де, Түркиядағы өмірім де ұнайды. Мүмкін болашақта елге қайтып қалармын, мүмкін осы жерде қалармын , оны бір Алла біледі", - дейді Стамбул қаласының тұрғыны Фатима Аманжол.

Әлеуметтік желідегі парақшасы Қазақстанға деген сағынышқа толы Аида Сатыбалдинова кәсіби боксшы. Елде жүргенде аса жетістікке жетпеген қыздан бапкерлер теріс айналғанда, ол Америка асып кеткен. Бірнеше жыл қажырлы еңбектенудің нәтижесінде жуырда ғана әлем чемпионы атағын жеңіп алды. Өз елімде спорт саласындағы былықтардан шаршадым деп сұхбат беріпті боксшы қыз.

Ресми статистикаға сүйенсек, биылғы жылдың тоғыз айында Қазақстаннан 21 мыңнан астам адам шетел асып кеткен. Эмигранттардың орта жасы 25-37 арасы. Тұлға болып қалыптасқанша мемлекет оларды балабақшада тәрбиеледі, мектепте тегін білім берді, жоғары оқу орнында грантқа оқытты. Қарапайым арифметикаға жүгінсек, бір адамға шамамен 10 миллион теңге жұмсады. Енді осы соманы елден биыл кеткендердің санына көбейтсек, бақандай 210 миллиард теңге шығын келіпті мемлекетке. Бұл карантиндегі тәубесі. Былтырғы көрсеткіш жарты триллион еді. Сайып келгенде бюджеттің бұл қаржысы сіз бен біздің қалтамыздан салық есебінен шыққан ақша. Өзге елге дайын кадр болып барған эмигрант, әрине, сол жердің көсегесін көгертеді. 



Дамушы елдерден дамыған елдерге жақсы өмір іздеп кететін мигранттар сол жерді барып байытады екен. Мысалы көшпенділер жылына АҚШ экономикасына 2 триллион доллар, Германияға 550 миллиард, Австралияға 330 миллиард доллар табыс әкеледі. Әлем мигранттары жалпы жер шары халқының 4-ақ пайызын құраса да , олардың дүниежүзілік жалпы ішкі өнімдегі үлесі бақандай 10 пайыз.

Карантинге қарамастан, эмигранттар саны бойынша Қазақстан ТМД елдері бойынша бірінші орында. Салыстыру үшін айтайық, экономикасы бізден әлдеқайда төмен санаталатын Қырғызстанның өзінде мигранттар саны 7 есе кем.

Отандастырымыз көбіне Ресей, Германия және Израильге қоныс аударыпты. Ол түсінікті де. Бұл елдерге тарихи отаным деп репатрианттар көшеді. Ал қаракөздер болса Түркия, Канада, Корея және Американы жағалайды екен.

Жақында тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстаннан біреу кетіп бара жатқанын естігенде алаңдайтынын айтқан еді.

"Егер біз олар кететін жерге қарағанда жақсы жағдай жасасақ, неге кетуі керек? Не үшін? Сондықтан жергілікті жерлерде әкімдіктер өте мұқият болу керек. Неліктен олар көрші елдердің университеттеріне кетеді? Бізде жақсы болатындай етіп жасау керек. Ең бастысы - үздік білім қажет", - деді ол.

Елорда тұрғындары сауалнамада өз ойларын еркін білдірді: "Қазақстаннан басқа ел жоқ, басқа Қазақстан болса көшер едім", "Көшкім келеді, бірақ бір екі жылға ғана, білім алу үшін", "Жоқ, өз елім ыстық, өз елімде қаламын", "Көшкім келеді , Қазақстанда көп нәрсе ұнамайды медицина, білім саласы нөл, осыны көрсетіңіз, қиып тастамаңыз. Америкаға көшкім келеді. Ол жақта барлық жағдай жасалған", - дейді тұрғындар.

2014 жылы шет ел асқандардың саны 12 мың болса, былтыр бұл көрсеткіш 43 мыңнан асқан. Стратегиялық қоғамдық қорының есебінше олардың 52 пайызы орыстар, екінші орында украиндар және немістер. Жә олардың тарихи отандары бар, және негізінен көштің басын солай бұратыны анық. Ал қыр асатындардың 37 пайызы қазақтар екен.

Үдере көшетіндей себеп бар ма? Әлеуметтанушылардың айтуларынша себеп бар.

"Көптеген зерттеулерге сүйенетін болсақ, материалдық, тұрмыстық жағдай, экономикада болып жатқан қайшылықтар мен қиындықтар. Бұл өмір, бұл үрдіс бұл процесс қой. Теңгенің тұрақсыздығын айтады. Жұмыспен қамтудағы мәселе, еңбекақының мөлшерінің төмен екендігін айтады. Өз мамандығы бойынша жұмыс табу жағын айтады", - дейді әлеуметтанушы Қамажан Жұмақасова.

Психологтардың айтуларынша, шет елге қоныс аударуға бел буғандардың дені өзін-өзі тәрбиелеп, терең білім алған, алға қойған мақсатына жете білетін табанды да қажырлы жандар. Мұндай тұлға өз елінде де жетістікке жететіні анық, алайда олардың амбициясына Қазақстан жауап бере алмайды ма деп қалдық. Адамның таңдау құқығын шектейтін емес, себеп түсінікті, салдар ше?

"Кетіп жатқан мамандардың категориясына қарасақ, бірінші кезекте техникалық мамандар, қаржыгерлер, мұғалімдер мен дәрігер мамандар кетіп жатыр. Осы тенденцияға қарайтын болсақ, бұл азаматтар экономиканың негізгі қозғаушы күші. Әсіресе, техникалық мамандардың экономикаға әсері көп. Цифрлық ақпараттандыруда рөлі ерекше. Мұндай мамандардан айрылып жатқанымыз тез арада экониканы әртараптандыруға кері әсер етеді, қаржы саласындағы мамандар кетіп жатса, қаржы банк саласы құлдырайды", - дейді экономист Мақсат Халық.

Талқылау