"Шешім әлі қабылданған жоқ": Сауда және интеграция министрлігі экспортқа шектеу енгізілуі мүмкін тауар түрлерін атады
Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев қажетті тауар түрлері жетіспеген жағдайда экспортқа шектеу енгізілуі мүмкін екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: ОКҚ
Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте вице- министр журналисттердің Жамбыл облысы және басқа да өңірлерде су тапшылығы салдарынан қант қызылшасының басым бөлігінің күйіп кетуіне қатысты сауалына жауап берді.
“Біздің негізгі мақсатымыз - жергілікті халықты қантпен қамтамасыз ету. Сондықтан біз бұл мәселені жұмыс тобында қарастырамыз. Ондай шешім әлі қабылданған жоқ. Дәл қазір ол жөнінде сізге ақпарат бере алмаймын”, - деп жауап берді спикер.
Еске салайық, тамыздың аяғында су тапшылығына байланысты Жамбыл облысының 6 ауданында төтенше жағдай жарияланған болатын. Судың жетіспеушілігі мен температураның қалыптан жоғары болуына байланысты дақылдардың шығыны өткен жылмен салыстырғанда 25-30 пайызға төмен болады күтілді.
Вице-министр қалған тауар түрлері бойынша қандай шектеулер енгізілгенін де айтты.
“Осы тұрғыда Қазақстанда күнбағыс майын әкетуге шектеу қойылды. Басқа мәслелер де қарастырылады. Айтқанымыздай, ең негізгі мәселе Қазақстан халқын жергілікті тауармен және шетелдік тауармен қамтамасыз ету. Егерде жеткіліксіз болып жатса шектеулер қоюымыз мүмкін”, - деді Қайрат Төребаев.