"Шерзаттың өліміне әкелген жалғыз соққыны Шынасыл Абзал жасаған": Бас прокуратура неге біреуі ғана адам өлтіру ісі бойынша сотталғанын түсіндірді
Фото: Жоғарғы сот
Шерзат Полаттың қазасына байланысты сот үкімі шыққан істі қараған прокурорлардың бірі Ержан Құрақбаевтың мәлімдемесі жарияланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бас прокуратураның Telegram-арнасында жарияланған бейнеүндеуінде прокурор сот өткен жылдың қазан айында Талғар қаласында өлтірілген Шерзат Полаттың қазасына қатысты істі қарауды аяқтағанын айтқан.
"Біз соттан Абзал Шынасылды 23 жылға, Равиль Сакиевті 20 жылға, Азамат Тоқтаубаевты 15 жылға бас бостандығынан айыруды, ал қалғандарына Қылмыстық заңнамаға сәйкес бұзақылық бойынша ең жоғарғы жазаны тағайындауды сұрадық. Іс материалдарына сәйкес және сотта анықталғандай, Шерзаттың өліміне әкелген жалғыз соққыны Шынасыл Абзал жасаған. Сондай-ақ ол Сакиевпен бірге Шерзаттың ағасы жәбірленуші Ғайыпбаевқа пышақпен соққы жасап, өлтіруге оқталған", – деді прокурор Құрақбаев.
Мемлекеттік айыптаушы іс бойынша екі тәуелсіз сот-медициналық сараптама жүргізілгенін еске салды.
"Екі сарапшыдан да сотта жауап алынды. Олар бір ауыздан Шерзаттың өлімі пышақпен сол жақ өкпесін зақымдаған жарақаттан, яғни осы жарақаттың салдарынан көп қан жоғалтудан болғанын көрсетті. Сарапшылардың қорытындысына сәйкес, төбелестің басқа қатысушылары соққылар денсаулыққа зиян келтірмейтін зақым ретінде бағаланған. Бұл зақымданулар мен жәбірленушінің өлімі арасында байланыс жоқ екенін анық көрсеткен. Осылайша, қайғылы оқиғаның хронологиясы толық қарастырылып, барлық дәлелдемелер зерттелді. Біз тек заңнаманың нормаларын басшылыққа алдық", – дейді ол.
Прокурор куә ретінде жауап алынған екі қыз Нұрбекова мен Жақсыкелді және бұдан бөлек Қазакенов пен Рузбакиевке де қатысты соттан жеке қаулы шығаруды, оны процессуалдық шешім қабылдау үшін Алматы облысының полиция департаментіне жолдауды сұрағанын атап өтті.
Еске салсақ, бүгін, 2025 жылғы 5 мамырда Талдықорғандағы Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында судья Ержан Жанұзақов жасөспірім Шерзат Полатты өлтірді деп айыпталған 9 сотталушыға үкім шығарды. Сот қаулысымен басты айыпталушы Абзал Шынасыл 23 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сот барысында судья Судья Ержан Жанұзақов сотталушыларға шыққан сот үкімін түсіндірді.

Үлескерлерге қатысты заң өзгереді, Трамптың 25%-дық баж салығы күшіне енеді: Қазақстанда 1 тамыздан бастап не өзгереді
