Шерзаттың ісі сотқа түсті: Жәбірленушілер жаңа қорғаушылар тобымен жұмыс істейді
Шерзат Полаттың ісі Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық сотына түсті. Жәбірленушілердің мүддесін бұрынғы қорғаушылар Саида Тәуекелева мен Айтбек Амангелдінің қатысуынсыз жаңа адвокаттар тобы қорғайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Stan.kz/Видеодан скрин/instagram.com/aitym
Жәбірленуші тараптың адвокаты Жандос Палмановтың айтуынша, Шерзаттың өліміне қатысты іс материалдары Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық сотына жіберілген.
“Қылмыстық іс айыптау актісі негізінде Алматы облысының прокуратурасы арқылы сотқа жіберілді. Қылмыстық процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, іс бойынша өзге мәліметтер жариялауға жатпайды. Алайда жаңа қорғаушылар тобы Қылмыстық процестік кодекстің 99-бабы негізінде прокуратурадан істің көшірмелерін сұратты”, – деді қорғаушы.
Сот іс материалдарының келіп түскенін растады.
Сондай-ақ енді Шерзат Полаттың отбасының мүддесін адвокаттардан Мейірман Шекеев, Әлім Мұстафаев, Бекзат Миязов, Жандос Палманов, Бағдат Амандосұлы, Нұрболат Ибраев және Дина Досаева қорғайды. Қорғаушылар тізімінде бұған дейін тергеу сатыларына қатысқан Саида Тәуекелова жоқ.
Сот кеңсесінің мәліметінше, іс материалдары 26 наурызда келіп түскен. Қылмыстық іске тоғыз адамның қатысы бар:
- Белгожаев Шыңғыс Айдосұлы;
- Әскентай Дархан Баялханұлы;
- Ильясов Нұрқияс Толетбекұлы;
- Сакиев Равиль Магамедович;
- Тоқтаубаев Нұрбол Маратбекұлы;
- Қалиахмет Дидар Еркінұлы;
- Тоқтаубаев Азамат Маратбекұлы;
- Ысқақ Думан Қайдарұлы;
- Шынасыл Абзал Нұрғалиұлы.
Десе де, бұған дейін Шерзаттың ісіне 11 адам қатысты деген ақпарат тараған еді.
Сот жақындағанда Айтбек Амангелді мен Шерзат Полаттың отбасының арасында жанжал туды. 18 наурызда Салтанат Нүкенованың ағасы істі сотқа жіберу кезеңінде қаза болған жасөспірімнің туыстарымен түсініспей қалды.
Айтбек Амангелді Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовпен мессенджерде сөйлескен әңгімесін жариялады. Хабарламада Қаржаубай Айтбекке берген сенімхатын кері қайтаратынын айтып, өзін мазаламауын өтінген.
“Қаржау (Шерзат Полаттың әкесі) кешкісін бізге берген сенімхатты кері қайтаратынын және басқа адвокаттарды жалдайтынын жазды. Қаржаудың мінез-құлқын білетіндіктен, бірден жауап бермейміз деп шештік. Кеше бізге жаңадан бес адвокаттың іске қосылып жатқаны туралы хабарламалар түсе бастады. Отбасымен хабарласуға тырыстық, бірақ еш нәтиже болмады”, – деді Айтбек Амангелді.
Айтбектің бұл мәлімдемесінен кейін жәбірленуші тарап адвокаттардан бас тартпағанын айтты. Алайда олар бұл іске Айтбек Амангелдінің араласуына тыйым салды.
“Мән-жайды түсіндіргіміз келеді. Отбасымыз қорғаушылардан бас тартқан жоқ. Сондай-ақ осы жарты жылда атқарылған жұмыс үшін алғыс білдіреміз. Бірақ соңғы жағдайларға байланысты Айтымнан бұл іске араласпауын сұраймыз”, – деді Қаржаубайдың әпкесі.
Осы уақытта жәбірленушілермен бірге жүрген қоғам белсендісі Димаш Қаматай да бұрынғы қорғаушылардың істен аластатылғанын растады.
“Біз халыққа жаңа қорғаушыларды таныстырғаннан кейін бұрынғы адвокаттардың ешқайсысы бізбен хабарласпады”, – деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Айтбек Амангелді мен қорғаушылар Шерзат Полаттың туыстары қазіргі адвокаттар тобынан бас тартқаны туралы хабарлаған еді. Кейіннен марқұм жасөспірімнің отбасы адвокаттардан бас тартпайтынын мәлім еткен.