Шерзат Полаттың әжесін сот залынан жедел жәрдем алып кетті
Талдықорғанда Шерзат Полатқа қатысты іс бойынша өтіп жатқан сот отырысы кезінде марқұм жасөспірімнің әжесінің денсаулығы күрт нашарлап, жедел жәрдем шақырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Видеодан скрин
Оқиға айыпталушылардан жауап алынғаннан кейін болған. Адвокаттардың бірі айыптау қорытындысын қайта оқу туралы өтініш білдірген.
Іс материалының мазмұнын оқып тұрған прокурордың сөзі кезінде Шерзат Полаттың туған әжесі, 60 жастағы әйел кенеттен өзін жайсыз сезінген. Ол қан қысымының күрт көтерілгенін айтып, сот залынан дереу шығарылды.
Жедел жәрдем қызметкерлері егде жастағы әйелді тексеріп, алғашқы медициналық көмек көрсетті. Одан кейін әйел жедел жәрдем көлігіне жатқызылды, алайда ол ауруханаға барудан бас тартты.
“Қан қысымы күрт көтерілген, бірақ сол жерде тұрақтандырылды. Медициналық көмек көрсетілгеннен кейін, ол ауруханаға жатудан бас тартты", – деді Жетісу облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жанета Нұрманбетова.
Еске салсақ, 2024 жылы 4 қазанға қараған түні Талғарда 16 жастағы Шерзат Полат қаза тапқан еді. Оның өлімі қоғамда үлкен наразылық тудырды. Марқұмның әкесі туыстарымен және жергілікті тұрғындармен бірге әділ тергеу жүргізуді талап етіп, наразылық ұйымдастырды. Бүгінгі сот отырысында басты күдіктінің кінәсін мойындамайтыны белгілі болды.
Басты күдіктімен қатар іс бойынша басқа күдіктілердің көпшілігі айыптау актісімен келіспейтіндерін мәлімдеді.