Шерзат Полат ісі: Күдіктілердің көпшілігі сотта кінәларын мойындаудан бас тартты
Шерзат Полаттың өліміне қатысты іс бойынша күдіктілер сотта кінәларын мойындаудан бас тартты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Видеодан скрин
Сот барысында прокурор іс материалдарын оқып шыққан соң судья Ержан Жанұзақов сотталушылардан кінәсін мойындайтын немесе мойындамайтындарын сұрады:
- Күдікті Абзал Шынасыл – бұзақылық бойынша кінәсін жартылай мойындады. Ал "Адам өлтіру" бабы бойынша кінәсін мойындамады;
- Күдікті Равиль Сакиев – кінәсін толық мойындамады;
- Күдікті Шыңғыс Белғожаев – кінәсін мойындағанымен, іс бойынша сәйкессіздіктер бар екенін айтты;
- Күдіктілер Азамат Тоқтаубаев пен Нұрбол Тоқтаубаев кінәларын ішінара мойындады.
"Оқиға орнында болдым, бірақ қолымда пышақ болған жоқ. Мен де ұрлық жасағанымды мойындамаймын, телефонды алдым, бірақ ұрлық мақсатында емес", – дейді Азамат Тоқтаубаев.
Басқа күдіктілер Дархан Әскентай, Нұрқияс Ілиясов, Дидар Қалияхмет, Думан Ысқақ та кінәларын мойындамады.
Іс материалдарына сәйкес:
- Абзал Шынасыл — қылмыстық кодекстің "ерекше қатыгездікпен, бұзақылық ниетпен, кәмелетке толмағанға қатысты адам өлтіру" бабы, сондай-ақ "қылмысқа оқталу", 99-бап ("екі немесе одан да көп адамды, адамдар тобымен, бұзақылық ниетпен өлтіру") және 293-баптың 3-бөлігі (қару қолданып жасалған бұзақылық) бойынша айыпталып отыр.
- Равиль Сакиев — Қылмыстық кодекстің 24-бабының 3-бөлігі, 99-баптың 2-бөлігінің 7 және 9 тармақтары (адамдар тобымен, бұзақылық ниетпен жасалған кісі өлтіруге оқталу), сондай-ақ 293-баптың 3-бөлігі (қару қолданылған бұзақылық) бойынша айыпталған.
- Азамат Тоқтаубаев — 293-баптың 3-бөлігі (қару қолданылған бұзақылық) және 188-баптың 1-бөлігі (ұрлық) бойынша айыпталып отыр.
- Дархан Аскентай, Шыңғыс Белғожаев, Нұрқияс Ильясов, Нұрбол Тоқтаубаев және Дидар Қалиахмет — ҚК-нің 293-бабының 3-бөлігі (қару қолданылған бұзақылық) бойынша айыпталуда.
- Кәмелетке толмаған Думан Ысқақ — ҚР Қылмыстық кодексінің 434-бабы (қылмыс туралы хабарламау) бойынша жауапкершілікке тартылуда.
Сот отырысы 18 сәуір күні сағат 10:00-де жалғасады.
Айта кетейік, бұған дейін Шерзат Полаттың өлімі бойынша сот отырысында прокурор әр сотталушыға қатысты айыптау актісін оқыған еді.
Еске салсақ, 2024 жылы 4 қазанға қараған түні Талғарда 16 жастағы Шерзат Полат қаза тапқан еді. Оның өлімі қоғамда үлкен наразылық тудырды. Марқұмның әкесі туыстарымен және жергілікті тұрғындармен бірге әділ тергеу жүргізуді талап етіп, наразылық ұйымдастырды. Бүгінгі сот отырысында басты күдіктінің кінәсін мойындамайтыны белгілі болды.