Шерзат өлімі бойынша сотта адвокаттар істі прокуратураға қайтаруды сұрады: Сот өтінішті қанағаттандырмады
Фото: Жоғарғы сот
15 мамырда Шерзат Полаттың өліміне қатысты сотта айыпталушылар Нұрбол мен Азамат Тоқтаубаевтың, сондай-ақ Дидар Қалиахметтің қорғаушылары қылмыстық іс материалдарында оларды күдікті деп тану туралы шешімнің жоқтығын мәлімдеді. Осыған байланысты олар қылмыстық істі қосымша тергеу және анықталған заң бұзушылықтарды жою үшін прокурорға қайтаруды сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сотталушылардың адвокаттарының пікірінше, алдын ала тыңдауды өткізу керек.
"Қылмыстық-процестік кодекстің 202-бабына сәйкес, адам тек тиісті қаулы шығарылған сәттен бастап күдікті деп танылады. Алайда аталған тұлғаларға қатысты мұндай ұйғарым жоқ, олардың процессуалдық жағдайы ресми түрде анықталмаған", – дейді адвокат Балмажанова.
Оның айтуынша, егер адам заңда белгіленген тәртіппен күдікті деп танылмаса, барлық процессуалдық әрекет, соның ішінде жауап алу және айыптау әрекеттері заңсыз.
Өз кезегінде мемлекеттік айыптаушылар Қылмыстық-процестік кодекстің 128-бабына сәйкес, ұстау хаттамасы жасалған сәттен бастап адам автоматты түрде күдікті деп танылатынын атап өтіп, өтінішті қанағаттандырудан бас тартуды сұрады.
Судья Ержан Жанұзақов сотталушыларға қатысты тергеу әрекеттері заңды түрде жүргізілген деп санады.
"Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 131-бабына сәйкес күзетпен ұсталған Азамат Тоқтаубаев, Нұрбол Тоқтаубаев және Дидар Қалиахметтен күдікті деп тану туралы бөлек ұйғарым талап етілмейді", – деп атап өтті судья.
Еске салайық, 2024 жылы 4 қазанға қараған түні Талғарда 16 жастағы Шерзат Полат қаза тапқан еді. Оның өлімі қоғамда үлкен наразылық тудырды. Марқұмның әкесі туыстарымен және жергілікті тұрғындармен бірге әділ тергеу жүргізуді талап етіп, наразылық ұйымдастырды. Бірнеше күннен кейін, 12 қазанға қараған түні Нұрымовтар отбасының үйі толығымен өртеніп кетті. Бас прокуратура өрттің қасақана жасалғанын мәлімдеді. Алайда үйді өртеген күдіктілер әлі күнге табылған жоқ.
15 мамыр екінші сотталушы Нұрбол Тоқтаубаев куәлік берді. Ол жағдайға жәбірленушілерді кінәлап, олар төбелесті бастағанын айтты.

"Омыртқасы сынып, мүгедек болып қалды": Қытайда жүк тасушы компания қазақстандықтың биіктен құлауына себепкер болған
