Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шенеуніктердің жұмысына наразылық танытқан петициялар қарастырылмайды – Ақпарат вице-министрі

Шенеуніктердің жұмысына наразылық петциялары қарастырылмайды. Осылай деп мәлімдеген мәдениет және ақпарат вице-министрі Данияр Қадыров петциялардың қарастырылу тәртібін түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: ОКҚ

“Елімізде түрлі бағыттағы петициялар жарияланып жатады, 60-70 мыңға дейін қол жинаған петициялар бар.  Осындай қол жинаған петициялар үкімет қабырғасында қаралады ма?” – деп сауал жолдады Stan.kz тілшісі.

Данияр Қадыров петиция институты енді ғана енгізілгенін атап өтті. Заң тек 6 айдан соң күшіне енеді. 

“Қол қойылды, енді келесі жылдың 4 сәуірінде  күшіне енеді. Бұл жерде арнайы платформа ұйымдастырылады. Е-өтініш ақпараттық жүйесі бар, соның ішінде бөлек модуль болады. Сол жерде орналастырылған петциялар қарастырылады”, – деп түсіндірді Данияр Қадыров.

Вице-министр қазір республика бойынша 5-6 петиция беру нүктерлері барын айтты. Алайда министр орынбасары бұл петициялардың барлығын заңды, әрі ресми емес деп санайды.

“Олар жеке адамдардың шығарып отырғаны. Ол заңмен реттелмеген. Олар қарастырылмайды. Ал егер, алты айдың ішінде мемлекет тарапынан жасалған модульде қарастарылса және петиция 50 мыңнан аса қол жинаса, онда мемлекеттік орган оны қарастырады. Петиция неге байланысты, бірінші оның мәніне қарайды. Жер-суға байланысты ма, экологияға байланысты ма, не болмаса мектептегі мәселе әлде жергілікті жердегі жолға байланысты ма?!  Міне осылар назарға алынады”,- деді вице министр. 

Бұдан кейін тілшіміз “Шенеуніктің жұмысына наразылық петициялары қарастырыла ма?” – деп сұрақ қойды. 

“Ондай қарастырылмайды. Заңда 17 тармақша бар. Сол жерде қандай петициялар қарастырылмайтыны жазылған.  Қазақстан территориясының тұтастығы, ұлттық қауіпсіздігіміз, тіл мәселесі. Оның ішінде президент пен парламенттің лауазымдық қызметтеріне қатысты жарияланатын петициялар қарастырылмайды. Ол парламент пен президенттің құзыретіне кіреді. Бұл жаңадан шығып отырған жоқ. Бұл сайлау, референдум туралы заңдардың ішінде қазір қолданылады”, – деп жауап берді мәдениет және ақпарат вице-министрі Данияр Қадыров.

Талқылау