"Шенеуніктердің немқұрайлығының кесірі": Ақтаудағы туристер ең көп жүретін жерде жартас опырылып түсті
Ақтауда туристер үшін ең қауіпсіз орын болып саналатын "Жартасты соқпақ" бір түнде тас талқан болды. Күн сайын мыңдаған демалушы жүріп өтетін нысан осыдан екі жыл бұрын ғана қайта жөнделгенімен, осы уақытқа дейін қауіпсіздік сараптамасынан өтпеген екен. Ал бір жылда бұл жерде осымен 4-ші рет алып тас опырылып түсті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "КТК" арнасына сілтеме жасап.
Бұл жықпылды жартас табиғат қолымен қаланған жабайы бұрыш. Биігіне шықсаң төңіректің бәрі алақандағыдай көрінеді. Осы көрікті жерге 2018 жылы туристер жүретін көпір салынған. Сол жартасты соқпақ атанған нысанға жоғарыдан алып тас құлап, қолдан жасалған жолдың бір түнде астан-кестеңі шықты. Оқиға өткен демалыс күні болған. Әйтеуір, зардап шеккен адам жоқ. Нысан уақытша жабылды. Бір айтары, жартастың етегіне көпір салғанда қауіпсіздікке бас қатырған жан болмапты. Қазір прокуратура индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне нысан құрылысының қаншалықты заңды екенін анықтау үшін сұрау салған. Ал әкімдік құрылыстағы ескертулерді орындамаған мердігерден нысанды балансқа алмай келген.
"Авторлық қадағалау жобасында бекітілген мекеме тарапынан мердігерге ұсынылған ескертпелерді жою туралы ұсыныс болған. 19-дан бері тапсыру керек еді. Бірақ енді оқыс жағдайға байланысты әкімшіліктің ұсынысы мемлекеттік коммуналдық балансқа өткенге дейін жаңағы айтқан сараптаманы алып тапсыру қажет", - деді Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Серік Ғұсман.
"Астана" арнасының мәліметінше, белсенділер шенеуіктерді болған оқиғаға кінәлі санайды.
"Бұл жолы бәрінің қалай опырылып құлағанын көрдіңіз және адамдар құрбан болмағаны жақсы болды. Бұл біздің жергілікті шенеуніктердің немқұрайлылығы, өйткені олар қалаға мүлдем мән бермейтін сияқты әсер бар. Бірақ қала шенеуніктері жауапкершіліктен жалтаруға асықты. Екі жыл ішінде құжаттар рәсімделмеген. Шын мәнінде, оған құрылыс компаниясы жауап беруі керек", - деді азаматтық белсенді Лариса Перминова.
Қоғам белсенділері шенеуніктер жағалаудағы аймақты тек байыту құралы деп санайтынын айтты. Халықтың наразылығына қарамастан, олар жер учаскелерін сатуды жалғастыруда және заңды жолмен емес. Мысалы, таяуда белсенділер жағалаудың бір бөлігін қорғау үшін күрескен. Оны екі тұрғын үй кешеніне өткізген. Бас прокуратураның шешімімен жоба жабылды. Бірақ мұндай күресті жағалаудың әр бөлігі үшін жүргізуге тура келеді, дейді қоғам белсенділері.
"Мұны кім жасады? Кім осы жерлердің барлығын жеке меншікке сатып жіберді және тұрғын үй қорын және түрлі ойын-сауық мекемелерін, бүкіл жағалауды дамытуға жол берді? Кінәліні жазалау керек, түрмеге қамау керек", - деді белсенді Мұхтар Үмбетов.

"Шетелде билетсіз, қонақүйсіз далада қалдым": Қазақстандықтар авторлық тур сатып аламыз деп 2 млн теңгеге дейін қаражаттарынан қағылған
