Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шенеуніктер Шахандағы апатқа қатысты тұрғындардың өзін кінәлі етіп шығарды

Шаханда әлі бақандай 18 үй қауіпті жағдайда тұр. Жойқын жарылыстан соң жалма-жан қазандықтарды түгендей бастаған шенеуніктер тағы осыншама тұрғын үйдің жылу жүйесі жертөлесінде деп шындығын айтты. Ал жылына жеті ай тынбай жанатын қазандықтан қауіп үлкен. Бұл туралы КТК хабарлайды.

20170103135728

Фото: inform.kz

Бұған дейін ешкімнің қаперіне де кіріп-шықпаған пештер 9 адамның өлімінен кейін жаппай тексеріле бастады. Тіпті жергілікті билік кінәліні тауып та қойған сияқты. Бар жауапкершілік артылған от жағушы қазір тергеушілер алдында жауап беруде. Қыс түссе болғаны өз қотырын өзі қасып үйренген жұрт болса, үйлерде қалуға үрейленіп отыр.

Бұл түні бүкіл шахандықтар Жаңа жылды тойлауды кілт тоқтатқан. Әлі де түкке түсінбеген жұрт төртінші үйде тұратын туыстарын үйіндінің арасынан іздеумен болды. Құтқару жұмыстарына Қарағанды облысының бүкіл күш құрылымы жұмылдырылған. Одан бөлек тағы 300-ге тарта ерікті үйіндіні аршып жүр.

Жантүршігерлік жарылыстың себебі тек бір тәуліктен соң белгілі болды. Сөйтсе, жертөледе орналасқан дербес жылу қазандығы қысымға шыдамай жарылған екен. Салдарынан көпқабатты үйдің бір бөлігі жермен-жексен болды.

Десе де, 9 адамның қаза тапқанына қарамастан, бұл жарылыс үшін нағыз кінәлілердің табылмайтын түрі бар. Өйткені, су мен жылуға жауапты коммуналдық қызметтің барына қарамастан, қарағандылық шенеуніктер болған оқиғаға тұрғындардың тек өздері ғана жауапты деп отыр.

“60 пәтер бәрі де жекеменшік. Өздері шешеді. Кейбір үйлер пештермен отыр. Кейбіреулер сыртына қазандық салып алды. Кейбір үйлер өздеріне жертөлеге қазандық салды. Жекеменшік болғаннан кейін қауіпсіздікке өздері жауапты”, – дейді Шахтинск қаласының әкімі Сержан Аймақов.

Сөйтсе, тек бұл үй ғана емес, бүкіл Шахан кенті жылуға жарымаған екен. Қысы ызғарлы өңірде тұрғындар өз қотырын өзі қасып үйренген. Бірі көмір жағып жылынса, енді бірі осылай үйінің астынан пеш тұрғызып алған екен. Ал шенеуніктер он жыл бұрын орталықтандырылған жылыту жүйесін салмақ болғанын айтып ақталуда. Алайда оған үкіметтегілер рұқсат бермепті.

“Бюджеттік ұсыныстарымызды бәрін берген болатынбыз. Оны облыстық коммуналдық басқармасы бар, министрлігі бар бәрі біледі. Енді қиын жылдары қаражат бөлінген жоқ”, – деді әкім.

Ал 5 қабатты үйдің сау тамтығын қалдырмаған жылыту қазандығы әлі 18 үйде бар. Бәрі де жертөледе орналасқан. Соның кесірінен жерлестерін жер қойнауына тапсырған жұрт енді өздерін қоярға жер таппай отыр.

“Ал егер біздің де қазандық жарылып кетсе ше? Тұрғындар түгелдей дерлік жылуға жарымаған соң газ баллон қосып отыр. Бір күні біздің де шатырымыз төбемізге түссе қайтпекпіз? Өлім-жітім көбеймей тұрғанда мәселені шешіп берсін”, – дейді тұрғын Лидия Примак.

Лидия Примактың айтуынша, жарылыс тек жылыту қазандығынан болмаған. Оған газ баллондардың да әсері бар. Өйткені, жылуға жарымаған шахандықтар тек пропан тұтынады екен. Ал көгілдір отын қосылмағандықтан, биліктегілер де оған көз жұма қараған. Есесіне, тоғыз адамның өмірін жалмаған жарылыс үшін қазандықтың күтушісі тергеліп жатыр.

Оқи отырыңыз:

Қазақстанда тіркеуге тұрмағандарға 1 ақпаннан бастап айыппұл салынады

Ақтөбеде қолын көтеріп көлік тоқтатпақ болған жол сақшылары жазаланды

«Бір шәугім шай» немесе «күлің шашылмасын» сөздерінің мәнісі қандай

Шахандағы апаттан көз жұмғандар жерленді

Талқылау