Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

«Шектен шықтыңыздар»: Ninety one әншісінің ата-анасы Сәкен мен Мейрамбекке ашық хат жазды

Атышулы Ninety one тобы солисінің ата-анасы әйгілі «Музарт» тобының әншілері – Мейрамбек Бесбаев пен Сәкен Майғазиевке ашық хат жолдады. Олар хатта 91 тобына сын айтып қана қоймай, оларды тәрбиелеген ата-анасына тіл тигізген Сәкен мен Мейрамбекке ренжулі екендерін жазған.

20759869_913121632161729_2974997384922136576_n

Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.

«Бір сұқбатында Сәкен Майғазиев әдеттегісінше Ninety One тобы туралы ой толғап, «Адам танитындай, мейірлене құшақтайтындай, сүйетіндей, ата-аналары қалай жақсы көретінін мен білмеймін. Қалай оларға үйретпейтінін, менің жүрегім ауырады. Өзім үшін емес, ұрпақтарым үшін», – депті. Атап айтсақ, Сәкен бұдан бұрын да топ мүшелерінің болмысына сын айтып, біресе жақтап, біресе даттап жүрген-ді. 2 жыл үндемей келе жатқан бізге, бұл сөздер шектен шыққандық болып көрінді. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, бар білгенімізді үйретіп, өсіріп жатқан балаларымызға тіл тигізіп қана қоймай, олардың ата-аналарының, яғни біздің берген тәрбиемізді жоққа шығармақ болған сөздері біздің қолымызға қалам алып, осы ашық хатты жолдауға мәжбүрлеп отыр», – деп бастайды сөзін Данияр Құлымшиннің (Bala) ата-анасы.

данияр кулумшин 230817

Бұдан кейін, ашынған ата-ана 91 тобы туралы анекдот шығарған Сәкеннің бұл әрекетін заңсыздыққа балады.

«Өнер жолы – ауыр жол, еріккеннің ермегі емес, танымалдылық та оңайлықпен келмейді.  Ол үшін талант, еңбек, ерік-жігер қажет. Осының бәрін біле тұра, бір өнерпаз екіншілеріне неше түрлі атау беріп, қала берді анекдот шығарып, онысын жария басылымдарда жариялауы – біріншіден, жеке адамдардың ар-намысына тіл тигізуі, яғни заң бұзушылық болып есептелінеді. Екіншіден, аталмыш топтың тыңдармандарымен санаспағандық, олардың талғамдарын сыйламағандық деп білеміз!
Нақтылап айтсақ, 91 тобы туралы жағымсыз, біржақты пікірлер айтып жүрген өнер адамдарының ішінен, жастайларынан көз алдымызда өскен, өздері де топ құрған, оның барлық «қызық-шыжығын» білетін Сакен Майғазиев, Мейрамбек Бесбаев інілеріміздің қандай бастамаға жанашырлық жасамақ болып жүргендерін түсіне алмадық. Әлде қазақ эстрадасының көсемдері болғысы келе ме немесе эстрадаға Кеңес Одағында орын алған саяси цензура орнатуға бастамашы болғысы келіп жүр ме?! Түпкі мақсаттары не? Топты тарату ма?» – деп жалғайды сөзін Әлия Қадырова мен Ақылбай Құлымшин.

Бұдан кейін, хат авторлары Мейрамбек Бесбаевтың Ninety one туралы пікіріне тоқталады.

«Жарайды, қарапайым тыңдарман өнердің кей тұстарын түсінбей немесе топтың музыкасын, киім киістерін жатсынып, түрлі сөздер айтып жатса, түсінуге болады. Талғамға талас жоқ деген. Алайда мәдениет қайраткерлерінің кәсіби сын емес, біреуінің анекдот шығарып, екіншісінің /Мейрамбек Беспаевтың Zhuldyz.tv-ға берген бейне сұхбатында/ «…Ондай танымалдылықтың керегі жоқ. 5 адам болса, 2-і ұрғысы кеп жүреді. Бұғынып-тығылып жүрген ол өнер ме, әкең?» дегенін қалай түсінуге болады? Мейрамбек пен Сәкен осылай деген деп, топқа қарсы болып жүргендердің қарсылығын одан сайын өршіту ме мақсаттары?

Тіпті, 91 (Ninety one) тобындағы балаларымыздың «тәрбиесі» жайлы сөз қозғап, жөн көрсетуге, қала берді, бізді, ата-аналарын сөз қылуға ешкімнің хақысы жоқ. Балаларымыз өнерлеріне сүйеніп, әндерін жазып, билерін билеп, халықтың алдында қалай еркелесе де, қалай жүрсе де өз еріктері. Кезінде сіздердің әндеріңізді тыңдап, өнерлеріңізге сүйсініп, құрметтедік, мақтан еттік. Енді сіздердің біздің балаларымыздың бастамаларына қабаттасуларыңызға жол болсын?

91 тобы жаңа заманға лайықталған жанрда өнер көрсетіп, әлемдік поп музыка ырғақтарынсыз жаңа заман тынысын сезіне алмайтын өскелең ұрпақ, жас буыннан тұратын өзіндік публикасы бар топ. Біздің балаларымыз, әуелі Алланың аманатында, одан қалды өзіміздің бақылауымызда!  Дүйім қазақ жастарының тәрбиесі осы бес жігіттің қолында емес. БАЛАНЫ ТӘРБИЕЛЕУ – сахнадағы бес жігіттің емес, ҮЙДЕГІ АТА-АНАНЫҢ МІНДЕТІ. Ал кімде-кім баласын тәрбиелей алмаса – кінә өзінен. Оны сахна жұлдыздарынан көрудің түкке қажеті жоқ. Музыкант, әнші ретінде музыкалық жанрларын, жасаған дүниелерін: сингл, альбом, пайым, бейнебаяндары жайлы сын, кем тұстарын айтсаңыздар өз еріктеріңіз. Ал, жеке басқа тиісіп, ата-аналарының берген тәрбиелеріне күмән келтіру – шектен шыққандық болып табылады. Біз ұзақ уақыт үндемей келдік. Себебі, бізді ішкі мәдениетіміз салғыласып, бет жартысып жатуға жібермеді. Әлі де “қазақшылдық” танытып отырғанымызды қаперлеріңізге ұстағайсыздар!

Біз бар білгенімізді бойына сіңіріп, алақанымызға салып өсірген балаларымыз жайлы айтылып жатқан ғайбат сөздерге қосылып, тіпті, берген тәрбиемізге күмән келтіріп отырған, өзіміз есті деп санап келген Сәкен мен Мейрамбек болғаны қынжылтты.

Айналайындар, Мейрамбек, Сәкен! Біздің жүріп өткен жолымыз сіздердікінен едәуір ұзақ әрі ғұмырлы. Біз бойына қазақы тәрбие мен рух ұялатып өсірген балаларымызға сенеміз! Бәріне уақыт төреші! Атам қазақ «болар баланың белін бу» деген. Артық әңгімені қойыңыздар! Сөзге тоқтайды деп үміттенеміз.

Өздерің де бір сәт жастық шақтарыңызға оралып, 19 жаста қандай ән тыңдап, қандай киім киіп, қандай би билегендеріңді еске түсіріңіздерші», – дейді 91 тобының мүшесі Құлымшин Даниярдың (Bala) әке-шешесі, мәдениеттанушы Құлымшин Ақылбай мен филолог-заңгер Қадырова Әлия.

Жіберіп алмаңыз:

Серікбол Сайлаубек 60-қа толған анасына дүркіретіп той жасап берді (фото, видео)

Бүгін “Димаш” ұшағы алғаш рет әуеге көтеріледі (фото)

Майғазиев отасқандарына 20 жыл толуына орай жұбайына тағы тосынсый жасады (видео)

Төреғали Төреәлі 25-ке толуына орай Алматыда 5 күн концерт бермек

Талқылау