"Дәрігерлер ертерек бала туып ал деді": 24 жасында ерте климаксқа ұшырап, денсаулығы сыр берген ару қыз-келіншектерге жолдау жасады
Желіде әйел адамдар климакстың (әйелдің етеккір циклі толығымен тоқтайтын кезең) қазір ерте келіп жатқанын жарыса жазады. Мәселен, Карина есімді қыз 24 жасында климакс басталғанын білген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, әйелдерде бұл кезең 45-55 жасқа таяғанда басталады. Гинеколог ерте климакстың себептері мен оның әйел денсаулығына төнетін салдары туралы айтып берді.
Желіде Карина есімді қыз 24 жасында климакс келуге таяғанын айтып, қыз-келіншектер үшін дабыл қақты. Сөзінше, ол қарапайым тексерістен өтемін деп перименоүзіліс болып жатқанын білген. Перименоүзіліс дегеніміз – нақты климакс алдындағы кезең. Ол климаксқа дейін 2 жыл немесе бірнеше ай жалғасады. Етеккір келуі азаяды, эстроген азырақ бөлінеді.
“Еш жерім ауырмады, климакс белгілері болған жоқ. Өйткені етеккірім тұрақты түрде келетін, гормон проблемалары болмаған. Жылына 1 рет гинекологқа қаралып тұрамын. Осылай гинекологқа барғанымда, жамбасты УДЗ-ға түсірсін деді. УДЗ аналық безде эндометриоидты киста бар деп көрсетті. Ал мұндай ісік аналық безді жойып жіберуі мүмкін. Салдарынан әйел бедеу болып қалады. Мұны естіген кезде қатты қорықтым және дәрігер маған бірнеше талдау анализдерін тапсырсын деп айтты”, – деді қыз.
Нәтижесінде “антимюллер гормоны” өте төмен болып шыққан. Яғни қалыпты жағдайда ол 5-13 аралығында болуы керек екен, бірақ қызда – 1,49. Ал аналық бездегі фолликул саны 4 болған, ал негізі нормасы 20 дейді. Мұның бәрі қызда меноүзіліс белгілері басталғанын көрсетіпті.
“Мен не үшін бұлай болғанын білмеймін, себебі зиян әдеттерім жоқ, ішімдік ішпеймін, шекпеймін. Салауатты өмір салтын ұстануға тырысамын. Менің 47 жастағы анамның өзінде климакс белгілері жоқ. Мен бұл тұқым қуалап, анам сияқты кеш келеді деп ойлайтынмын. Ана болу мүмкіндігінен айырылып қалуым мүмкін екенін, одан бөлек денсаулығым толық өзгеретінін естіп, таңғалдым. Себебі мен ана бақытын сезініп, көпбалалы болғым келетін”, – деді Карина.
24 жастағы Каринаға дәрігерлер тез арада бала босанып алуға кеңес берген. Өйткені кейін мүлдем босана алмай қалу қаупі бар.
“Менің “магистратура оқимын”, “мансап құрамын” деген сияқты арман-жоспарларым болған еді. 30 жасымда ғана отбасы құрып, сол кезде балалы болғым келетін. Бірақ өмір мені таңдау жасауға мәжбүр етті. Енді репродуктолог маманға барып, емделіп жүрмін. Алдағы жылда балалы болуға дайындықты бастадым”, – деді ару.
Видеоның астында ерте жаста климакс келген бірнеше қыз-келіншек те өз оқиғасын бөліскен.
“Климакс 19 жасымда келді. Не болғанын да түсінбедім. Гормон қабылдадым. Дәрігерлер “бедеулік” диагнозын қойды. Бірақ түрлі шаралардың арқасында 22 жасымда босана алдым“,
“Жақынымның 39 жасында климакс келді. Оның өзі ерте деп саналады. Дәрігерлер дабыл қақты. Ал мына жерде тіпті 24 жас...”,
“Маған да 24 жасымда климакс келді. Ұлымды 20 жасымда туып алғаным жақсы болды. 24 жасымнан кейін 16 жыл жүкті болуға тырыстым, бірақ бәрі сәтсіз болды. Көп нәрсені бастан өткердім – гормон қабылдадым, УДЗ, түрлі талдау анализдерін тапсырдым, дәрумен іштім”, – деп жазды желідегілер.
Ерте климакстың себебі қандай
Гинеколог Динара Құлжабаеваның айтуынша, меноүзіліс әдетте 40-55 жастан бастап келеді. Ал 35 жастан келуі “патологиялық меноүзіліс”, яғни ерте климакс болып саналады екен. Сөзінше, бұл аналық бездің мерзімінен бұрын әлсіреп, сарқылуынан туындайды.
“Қазақстанда барлық әйелде меноүзіліс ерте келіп жатыр деп тұжырым жасау қиын. Әр аймақта жағдай әртүрлі, бірақ мұның жасы жасарып келе жатқанын байқаймыз. Бұған экологияның аса бір қатысы жоқ. Көбіне мүлдем бала босанбағандарда климакстың ерте келу қаупі бар. Сондай-ақ аналық безге ота жасалса немесе оны алып тастаса, меноүзіліс ерте басталады. Сондай-ақ аутоиммун ауруларының, эндокриндік патологияның кесірінен пайда болуы мүмкін. Генетика да әсер етеді. Әрі жүкті келіншектерге антибиотик ішуге тыйым салып жатамыз. Өйткені ол репродуктивті жүйесіне әсерін тигізеді”, – деді ол.
Маман климакс бірден келмейтінін, бірнеше кезеңі болатынын айтты.
- Климактериялық кезең – етеккір тоқтағанға дейінгі уақыт, жыныстық гормондар деңгейі төмендейді. Біртіндеп физиологиялық өзгеріс байқалады. Етеккір циклі өзгереді: алғашында 1-2 апта кешігеді, кейін уақыты азаяды.
- Перименоүзіліс – ол 2 жылдан бірнеше айға дейін созылуы мүмкін. Бұл уақытта жыныс гормондары эстрогендерді аз бөледі. Етеккір тұрақты емес болады, кейде оның сипаты өзгереді. Кей кезде аз келеді, кейде көп келеді.
Перименоүзіліс кезінде тітіркену, қатты терлеу сезімі, ұйқының бұзылуы байқалады. Тіпті әйел депрессияға ұшырауы мүмкін.
- Меноүзіліс кезінде етеккір тоқтайды.
- Постменоүзіліс – меноүзілістен бір жылдан кейін пайда болады.
Динара Құлжабаева өз тәжірибесінен 30 жасында климаксы келген науқасы болғанын атап өтті.
“Менің науқасымның меноүзілісі 30 жаста келді. Бұл өте ерте болып саналады. Сөйтсек, бұрын аналық безіне ота жасалыпты. Соның кесірі тиді. Алайда қазір ол гормон дәрілерін ішіп, етеккірін келтіріп отырады”, – деді маман.
Ерте климакстың әйел ағзасына әсері
Гинеколог етеккірдің ерте тоқтауы тек ана болу қабілетінен айырып қоймай, денсаулыққа кері әсер ететінін түсіндірді.
“Эстрогеннің төмендеуіне байланысты қынап пен қуықта қабыну пайда болуы мүмкін. Ол цистит, уретрит, кольпит сияқты ауруларды тудырады. Сонымен қатар жыныстық гормон бөлінбегендіктен, либидо төмендейді. Эстроген әйел адамның қартаймауына ықпал етеді. Ал эстроген бөлінбегені үшін бетке әжім түседі, тырнақтар сынғыш болады, шаш түсе бастайды. Әрі остеопороз ауруы асқынуы мүмкін. Бұл уақытта әйел әлсіз болғандықтан, барлық созылмалы ауруы асқынады. Семіздік, қант диабеті, жүрек-қант тамырлары аурулары, артериалды гипертония пайда болады”, – деді Құлжабаева.
Гинеколог ерте меноүзілістің алдын алу үшін тұрақты түрде тексеріс, салауатты өмір салтын ұстану маңызды екенін айтты. Сондай-ақ стресс жағдайларынан барынша аулақ болу керек деп кеңес берді.
“Меноүзіліс бір күні болмасын бір күні әйелге келеді. Бірақ оның келмеуін кейінге қалдыру үшін жақсы әдеттерге ие болған абзал. Ауыр көтеру, жиі депрессияға түсу, уайымшылдық климаксты жеделдетеді. Егер климакс белгілері байқалса, бірден дәрігерге жүгіну керек. Тек маман қажет гормон немесе керек шараны қабылдай алады. Ал өз бетіңізше дәрілер қабылдау жағдайды ушықтырып жібереді”, – деді сарапшы.

"Дәрігерлер ертерек бала туып ал деді": 24 жасында ерте климаксқа ұшырап, денсаулығы сыр берген ару қыз-келіншектерге жолдау жасады
