Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Шегірткенің бұлай таралуы бұрын-соңды болмаған": Серік Жұманғарин елде дернәсілдердің қаптауына байланысты шұғыл шара жасауды тапсырды

Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин 9 маусымда министрлер кабинетінде өткен отырыста елімізде шегірткелердің қаптауына байланысты таңғалысын жеткізді. Айтуынша Қазақстанда олардың осындай көп саны бұрын-соңды болмаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Pixabay.com

Серік Жұманғарин шегірткенің таралуына қарсы іс-қимыл жөніндегі орталық оперштаб отырысында өңірлердегі ахуал туралы баяндамаларды тыңдады.

ҚР үкіметінің баспасөз қызметі Түркістан облысында өңделген 260 мың гектардан басқа 50 мың гектардан астам таралу учаскелері анықталғанын жеткізді. Қосымша өңдеу Түркістан облысының Арыс қаласында, Сарыағаш, Келес, Ордабасы және Шардара аудандарында жүргізіліп жатыр.

"Түркістан облысы әкімдігінің ақпараты бойынша, өңдеу 70 бірлік жерүсті техникасының көмегімен жүргізіледі. Оған қосымша 4 ұшақ жұмылдырылады. Қазір барлық қажет техника көкөніс-бақша дақылдарының айналасына жіберілген. Бүгінде егінге зиян келтірілмеді", –делінген министрлер кабинетінің хабарламасында.

Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданында шегірткелер қаптай бастаған. Бұл аймақта да 12 ауданда 281 мың гектар жерге химия өңдеу жүргізілген. Жәндіктің көбею орындарын бақылау және анықтау үшін 129 зерттеуші мен 326 уақытша жұмысшы тартылған. Шегірткемен күресу жұмыстары фермерлермен бірлесіп жүргізіліп жатыр.



"Шегірткенің бұлай таралуы бұрын-соңды болмаған. Оның таралу қарқынын дұрыс бағаламай отырмыз. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мемлекеттік инспекциясы комитетіне барлық рәсімдік мәселелерді дереу аяқтауды және барлық қажет техниканы қажет өңірлерге жіберуді тапсырамын. Штаб отырыстарына аптасына екі рет барамыз", – деп қорытындылады Серік Жұманғарин.

Еске салсақ, осыған дейін Серік Жұманғарин шегірткелердің халал өнім екенін айтқан еді.

Талқылау