"Шай-кофе ішіп, бос отырады": "Бәйтерек" басшысы президенттің сынына жауап беріп, онымен келіспейтінін айтты

“Бәйтерек” холдингінің басқарма төрағасы Рүстем Қарағойшин Тоқаевтың қызметкерлерге қатысты сынына жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұған дейін Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында ұлттық компаниялар қызметкерлерін жұмыс істеудің орнына бос талқылаулармен айналысып, "шәй мен кофе ішіп отыратынын" айтқан еді.
“Ұлттық компаниялар мен “Самұрық-Қазына” қорының басшыларымен өте салмақты әңгімелер жүргіздім. Меніңше, басқару құрылымында артық басқарушы кадрлар шамадан тыс толып кеткен. Сол себепті компаниялардың құрылымын сын көзбен, заманауи талаптарға сай қайта қарау керек. Олардың қатарында "сол жағалаудағы" адамдар көп. Оларды өздеріңіз де көріп жүрсіздер. Түскі уақытта бір-бірімен пікір алмасады, шәй, кофе ішіп отырады. Олар жұмысқа жеткілікті деңгейде жегілмейді. Кейде тіпті бос отырғаннан жалығады. Сол себепті әлеуметтік желіде көп отырады. Тіпті күмәнді талқылауларға қатысады. Ал олардың дауыс беруге қалай қатысып, қандай шешім қабылдайтыны бөлек әңгіме. Бірақ маған бәрі белгілі. Мұның соңы жақсылыққа апармайды”, – деді Тоқаев.
Президент ұлттық компаниялар ел экономикасына нақты үлес қосып, жүктелген міндетті тиімді орындауы қажет екенін айтқан
“Бәйтерек” басшысы не деді?
Рүстем Қарағойшиннің айтуынша, холдингтің жұмысы өз нәтижесімен көрініп отыр. Ал қызметкерлері кейде тіпті артық жұмыс істеуге мәжбүр болады.
“Сондықтан нақты айта аламын: “Бәйтеректегі” қызметкерлер үнемі жұмыспен айналысып жүреді. Кейде тіпті артық жұмыс істейді. Бұл да қосымша жүктеме. Мен біздің қызметкерлердің бір жерде кофе ішіп, бос әңгімемен айналысып жүргенін көрген жоқпын. Сондықтан мұндай жағдайды байқамадым”, – деді Рүстем Қарағойшин.
Сондай-ақ холдинг басшысы өзінің үнемі кеңседе болатынын айтты.
Айта кетейік, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Бәйтерек” холдингі және “Самұрық-Қазына” қорымен бірге, ұлттық компаниялардың құрылымын қайта қарау керек екенін айтқан еді.
"18 жыл бойы несиесін өзім төледім": Ақтөбеде 72 жастағы зейнеткер жалғыз ұлымен үйді бөлісе алмай жүр