Шавкат Рахмоновтың туған қарындасы жаңа мемлекеттік қызметке тұрды
Әлемнің ең үздік тұжырымында өнер көрсететін Шавкат Рахмоновтың туған қарындасы Сора Рахмонова мемлекеттік қызметкер атанды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Instagram.com/sora_rakhmonova_/
Аралас жекпе-жектен UFC тұжырымымен келісімшарт жасасуға жақын болған Сора Рахмонова жаңа қызметке орналасқанын желіде жариялады.
"Жаңа қызмет! Құттықтап қойсаңыздар болады. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі, Алматы қаласы бойынша департаментінің қызметкері болып, өзімді жаңа қырымнан сынамақшымын.
Менің негізгі міндетім Төтенше жағдайлар министрлігінің спорттық идеологиясын насихаттау. Төтенше жағдайлар қызметі үнемі спорттық бапты талап етеді. Елдің амандығы, жұрттың тыныштығы үшін 24 сағат бойы қауіп-қатермен бетпе-бет келетін қызметкерлер жұртты құтқарамыз деп өз бастарын бәйгеге тігіп жүреді. Бұндай қиын да жауапты қызметте жүріп бір сәт те босаңсуға болмайды! Әрқашан спортпен айналысып, ел амандығы үшін қызмет ететін құтқарушылар қатарына мен де қосылдым! Жаңа қызметіме сәттілік тілеп қойыңыздар", - деді Шавкаттың қарындасы.
Айта кетейік, Сора Рахмонова қыздары арасынан қоян-қолтық ұрыстан үш дүркін әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ. Ол шаршы алаңда 5 жекпе-жек өткізіп, соның төртеуінде жеңіске жетсе, бір рет қарсыласына есе жіберген еді.