Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шавкат Рахмонов алғаш рет «АрселорМиттал Теміртау» АҚ цехында шойын үлгісін алды

Аралас жекпе-жек бойынша әлем чемпионы Шавкат Рахмонов "АрселорМиттал Теміртау" АҚ металлургиялық зауытында болды.

Шавкат Рахмонов – жартылай орта салмақта UFC демеушілігімен өнер көрсететін қазақстандық аралас жекпе-жек шебері. Аралас жекпе-жектен әлем чемпионы және Азия чемпионы болған спортшы жастарға үлгі, нағыз аңыз адам.

Шавкат Рахмонов Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке қабылдауында болғанда президентіміз ол сияқты мықты спортшылардың жеңіске деген жігері мен жетістіктері өскелең ұрпақты жігерлендіретінін, жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақыратынын атап өтті.

Спортшы елдегі ең ірі металлургиялық кәсіпорындардың біріне барып, шойынның қалай жасалатынын көруді көптен армандаған екен. Чемпионға мұндай мүмкіндікті "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының басшылығы қамтамасыз етті.

Алдымен спортшы "АрселорМиттал Теміртау" АҚ бас директоры Владимир Яблонскиймен кездесті. Владимир Иванович қонақты компанияны таныстырып, жетістіктері туралы айтып берді.

“Компаниямыз тұрақты кәсіпорын. Жұмысымызда табыс, жетістік, қиындық, дағдарыс, болсын, қандай жағдайда да қызметкерлеріміз тұрақтылықты сезінеді. Себебі бізде өз жұмысын жақсы көретін кәсіби мамандар қызмет етеді. Шавкат, сіз, чемпион ретінде жеңістің қандай еңбекпен келетінін жақсы білесіз ғой! Қиындықтарды жеңіп, аянбай алға талпынумен ғана спортшы чемпион бола алады. Ал біздің кәсіпорында осындай көптеген чемпиондар жұмыс істейді. Өзім самбомен айналысқам және спорт әр адамның өмірінде болуы керек деп ойлаймын”, - деді Владимир Яблонский.

Шавкат Рахмонов Қарағанды ​​облысын өз ұясындай көреді. Себебі спортшы бір кездері мұнда ұзақ уақыт тұрып, жаттыққан. Ал Қазақстандағы ең ірі металлургиялық зауытқа бару ол үшін үлкен құрмет болған екен.

“Қарағанды ​​жері дарындар мен таланттарға бай. Әсіресе, спорттағы көптеген чемпиондар осы жерден тәрбиеленіп шыққан. Бұл жерде спортшы бойға сіңіруі керек мінез құлық пен рух бар”, - деп қосты Владимир Яблонский.

Чемпионға тосын сый ретінде арнайы медаль табыс етілді. Бұл марапат спорттық болмаса да, Шавкат компанияның арнайы сыйын солардың қатарында бағалайтынын алға тартты.

"АрселорМиттал Теміртау" басшылығымен кездесуден соң, кәсіпорын қызметкерлері мен олардың балалары чемпионмен жеке жүздесіп, суретке түсіп, қолтаңба алды. Спортшыны көрген кішкентай жанкүйерлері ішкі толқыныстары мен қуаныштарын жасыра алмады.

Шавкат Рахмонов "АрселорМиттал Теміртау" зауытына жасаған достық сапарында компанияның "Құрметті қонақтар" кітабына өз таңбасын қалдыра кетті. 

Соңында киімдерін ауыстырып, қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқаулықтан өткен Шавкат Рахмонов №3 домна пешіндегі зауыттың қақ ортасына келіп, шойын сынамасын алды. Чемпион бұл процесстің сырттай қарағанда қызық әрі көңілді көрінгенімен шын мәнінде металлург жұмысы ең қиын істердің бірі екенін алға тартты.

“Теміртау қаласында және мұндай ірі металлургиялық зауытта мен бірінші рет болып отырмын. Домна пешінің қалай жұмыс істейтінін көру, металлургтермен әңгімелесу өте қызықты өтті. Дегенмен зауыттағы жұмыс ауыр. Мұнда жоғары температура мен үздіксіз өндіріс жүреді. Бүгін мен шойын үлгісін алып көрдім. Оңай емес. Зауытта нағыз мықты адамдар жұмыс істейді! - деп атап өтті чемпион.

Шавкат Рахмонов металлургтердің жұмысы дәл спортшылардың жұмысы секілді тұрақты еңбекті талап ететінін жеткізді. 

Кездесу соңында Шавкат Рахмонов "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының барлық қызметкерлеріне зор денсаулық пен табыс тіледі.