"Шашын өртеп, қайшы тықпақшы болған": Түркістан облысында 9 жастағы оқушы сыныптастары тепкінің астына алған
Түркістан облысында 9 жастағы оқушы өз сыныптастарынан оңбай таяқ жеді. Леңгірдегі жекеменшік мектептің 2-сынып оқушысын дәлізде тепкілеп тастаған. Соққыдан миы шайқалған балақай ауруханада жатыр. Сондықтан жәбірленуші биыл оқу жылын аурухана төсегінде жатып аяқтауы мүмкін, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "КТК" арнасына сілтеме жасап.
Леңгір қаласындағы жекеменшік мектептегі сынып ішінде бірнеше оқушы бір баланы тепкілеген. Егорды сыныптастары басынан да, ішінен де тепкен. Оқушылар төбелесі бейнекамераға түсіп жатқанымен, оны бақылайтын адам жоқ сияқты. Себебі, төбелескендерді ажыратқан жан болмапты. Тіпті таяқ жеген балаға мектепте еш көмек көрсетілмеген. Жедел жәрдемді үйіне жеткенде жақындары шақырыпты.
"Мен ол кезде жұмыста едім. Қызым телефон шалып, Егор мектептен таяқ жеп келгенін айтты. Басы ауырып, мұрны қанап және лоқсып жатыр деген соң ауруханаға жеткіз дедім. Жалпы балама осыған дейін де сыныптастары шашын өртеп, қайшы тықпақшы болған. Біздің материалдық жағдайымыз төмен болған соң басынған шығар", - деді жәбірленуші оқушының анасы Татьяна Галкина.
Сыныптастарынан таяқ жеген 9 жасар бала қазір ауруханада жатыр.
- "40 бала үш оқушыға жабылды": Шымкентте мектеп оқушылары жаппай төбелесті
- "Бір ұрып жағын сындырдым": Ерғали Әбдірайымов Еркін Нұржановтың "Жігіттер" тобынан не себепті кеткенін айтты
- "Бауырлар, барлығымыздың қыздарымыз бар": Прокурорлар Сәтбаевтағы қорқынышты түн туралы айтты
Жекеменшік "Мейр-Бейс" мектебі былтыр қыркүйекте ашылған. Бүкіл білім ордалары онлайн оқып жатқан кезде жалғыз осы мектеп қана дәстүрлі білім беріпті. Қаржыландыру мемлекеттен болғандықтан, ата-аналар да баласын осы мектепке берген. Бірақ мектепте не болып жатқанын ешкім білмейді. Өйткені жекеменшік нысанға кіруге рұқсат жоқ.
"Ойнаған! Ау, сіздер бала кездеріңізде асыр сап, жұлысып ойнамадыңыздар ма?", - деді мектеп басшылығы.
Оқушылардың ісін озбырлық емес, "жәй ғана әзіл" деген мектеп басшылығы ешкімге есеп бермейді екен. Тіпті Төлеби аудандық білім бөлімінің басшысы да мектепке бас сұға алмады. Сондықтан Роза Аманова өзімбілемділікке салынған мектепке тексеру жүргізбекші.
"Ешқандай есеп бермейді, не директорының, не оқу бөлімінің меңгерушісінің кім екенін білмейміз. Аудан оқу бөліміне келіп байланыс орнатқан емес. Бір басқарма табылатын шығар. Жекеменшік екенін түсінеміз. Барлық жекеменшік мектептерге қаржы бөлінеді. Бірақ әр баланы мемлекет тапсырысымен, үкіметтен қаржыландырып отыр. Сондықтан бейжай қалдырмай, қарауымыз керек", - деді Төлеби ауданы білім бөлімінің басшысы Роза Аманова.
Онлайн оқуға компютері болмай, тегін шақырған жекеменшік мектепке барған Егор екінші сыныпты енді ауруханада аяқтайды. Миы шайқалған балақайды осы аптада Леңгірден Шымкенттің балалар ауруханасына ауыстырады. Ал оны "ойнап тепкен" сыныптастарына ештеңе болмайды. Себебі, кәмелетке толмаған. Балаларды былай қойғанда, полицейлер мектептегі ересектерге де тек ауызша ескерту беріп қайтарған.