Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Шарықтау шегіне жеттік": Лос-Анджелес билігі қалада дүкендер тоналып, бұзақылық жасалғанын мәлімдеді

 Фото: Tayfun Coskun/ RINGO CHIU

АҚШ билігі Лос-Анджелестегі тәртіпсіздіктер кезінде 23 кәсіпорын тоналып, 200-ге жуық адам қамауға алынғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі CNN басылымына сілтеме жасап хабарлайды.   

Лос-Анджелес шенеуніктерінің айтуынша, осы аптада Трамптың иммиграциялық саясатына қарсы наразылық  кезінде қала орталығындағы 23-ке жуық кәсіпорын тоналды. Мэр Карен Басс қалаға коменданттық сағат енгізуіне осы себеп болғанын айтты. 

"Коменданттық сағат бірнеше күн бұрын қарастырылды. Бірақ кеше түнде болған зорлық-зомбылық, тонау мен вандализм әрекеттері бойынша біз шарықтау шегіне жеттік", – деді Басс.

Полицияның хабарлауынша, Adidas, Apple Store, екі дәріхана мен зергерлік бұйымдар дүкеніне шабуыл жасалған.



Лос-Анджелес басшысы Джим Макдоннелдің айтуынша, наразылық шерулеріне қатысқаны үшін қамауға алынғандар саны айтарлықтай өсті. Сенбіде полиция небәрі 27 адамды қамауға алса, сейсенбіде олардың саны 197-ге жетті.

"Қалада бірнеше күн қатарынан болып жатқан тәртіпсіздіктерден кейін заңсыз және қауіпті әрекеттердің күшейгенін байқадық", – деді Макдоннелл.

Оның айтуынша, қазір 67 адам қамауда отыр.

"Тас жолдарды, қала көшелері мен пандустарды жауып тастау, заңды бұйрықтарды орындаудан бас тарту заңсыз деп танылады. Тәртіпсіздікті одан әрі жалғастыруға жол берілмейді", – деді Макдоннелл.

Айта кетейік, бұған дейін Лос-Анджелесте көші-қон саясатына қарсы наразылықтар болған еді. Президент Дональд Трамп наразылықты басу үшін 2 000 Ұлттық гвардия сарбазын жіберген. Трамптың баспасөз хатшысы бұл әрекетті "заңсыздықты тоқтату" деп түсіндірген. Ал Калифорния губернаторы Гэвин Ньюсом федералды билік жағдайды әдейі ушықтырып отыр деп айыптаған. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров қазір жаппай наразылық болып жатқан Лос-Анджелестен қазақстандықтарды эвакуациялау жоспарланбағанын айтқан еді.

Жұмаділлә Нұрила
Сәрсенбі, 11 Маусым, 2025 15:13
Талқылау