Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Көшеде жүрсең ұрып кетуі мүмкін": Қазақстандықтар Лос-Анджелестегі жағдайды баяндады

Фото: Видеодан скрин

АҚШ-тың Калифорния штатындағы Лос-Анджелес қаласында көші-қон саясатына қарсы наразылықтар болып жатыр. Билік қақтығысты басуға Ұлттық гвардия күштерін толықтыру үшін Лос-Анджелеске шамамен 700 теңіз жаяу әскерін жіберген. Сол қалада жүрген қазақстандықтар қазіргі жағдайды баяндады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 24.kz арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Лос-Анджелес қаласында тұратын қазақ Айдар Мұхамеджановтың айтуынша, қалада қазір жағдай тұрақты емес.

“Жағдай тұрақты емес деуге болады. Бірақ сіздер басты оқиғалардан хабардар шығарсыздар. Мен тек Лос-Анджелестегі қазіргі ахуалды сипаттап бере аламын. Наразылық білдірушілер тобы шынымен де белсенді әрекет етті. Ұлттық гвардия жіберілді, қарсылық білдірушілерге қарсы қатаң шаралар қолданылды. Көптеген адам тұтқындалды. Бірақ осының алдында мыңдаған адам көшеге шығып, қарсылық көрсетті. Олар броньды көліктердің, адамдарды алып кететін жүк көліктерінің астына жата кетті”, – дейді Мұхамеджанов.

Фото: Видеодан скрин

Мұхамеджановтың айтуынша, тіпті бір жігітті көлік қағып кеткен.

“Жігіт құлап, басын соғып алғандай болды. Кейін орнынан тұрды, бірақ оқиға өте қатты әсер етті. Адамдар көліктің астына жатып алса да, көліктер тоқтамады, жүрісін жалғастыра берді. Осы әрекеттер үлкен толқуға себеп болды. Қазір мұнда тікұшақтар ұшып жүр. Жуырда бір жарылыстар естілді. Бомбалау болмады деп үміттенемін. Бірақ өте қорқынышты”, – дейді ол.

Мұхамеджановтың айтуынша, қалада айтарлықтай қатаң шектеулер жоқ.



“Сіздердің өтініштеріңізбен оқиға болып жатқан жерге келдім. Егер Лос-Анджелестің шеткері аудандарын, басқа аймақтарын қарасаңыз, ол жақта бәрі тыныш әрі қалыпты. Өйткені бұл – өте үлкен қала. Бірақ орталық бөлікте жағдай басқаша. Мысалы, дәл қазір біз тұрған жерде шу болып жатыр. Мұндағы атмосфераны сезуге болады. Өзім де сәл дірілдеп тұрмын. Бұрын сәл қорқыныштырақ еді. Өйткені кез келген адам келіп, ұрып-соғып кетуі мүмкін сияқты еді. Ал қазір жағдай сәл тынышталған”, – дейді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Лос-Анджелесте көші-қон саясатына қарсы наразылықтар болған еді. Президент Дональд Трамп наразылықты басу үшін 2 000 Ұлттық гвардия сарбазын жіберген. Трамптың баспасөз хатшысы бұл әрекетті "заңсыздықты тоқтату" деп түсіндірген. Ал Калифорния губернаторы Гэвин Ньюсом федералды билік жағдайды әдейі ушықтырып отыр деп айыптаған. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров қазір жаппай наразылық болып жатқан Лос-Анджелестен қазақстандықтарды эвакуациялау жоспарланбағанын айтқан еді.

Жұмаділлә Нұрила
Сейсенбі, 10 Маусым, 2025 18:11
Талқылау