Шариғат туралы айтып, зорлаған: Алматыда зорлық көрген ер адам оқиғаның мән-жайын айтып берді
Алматыда бір топ азамат 30 жастағы жігітті зорлап, қорлық көрсетіп, қомақты қаржы талап еткен. Жәбірленген жігіттің айтуынша, қаскөйлер жалдамалы пәтерге алдап шақырып, ұрып-соғып, жымысқы ойларын жүзеге асырған. Әрі сол сәтті толық видеоға түсірген. Кейін бейнежазбаны әлеуметтік желіге жарияламаулары үшін 500 мың теңге сұраған. Ал айтуға ауыз бармайтын қылмыстың құрбанына айналған жігіт мойынына пышақ тақап, қорлаған қаскөйлер қатаң жазаға тартылсын деп талап қойып отыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап.
Зорлық көрген ер адам есімін өзгертіп, түр-әлпетін көрсетпеуді өтінген. Оның айтуынша, әлеуметтік желі арқылы танысқан досы бірнеше күн бұрын үйіне приставка ойнауға шақырған екен. Уәделі күні жаңа танысы айтқан мекенжайға барады. Бірақ сол сәтте-ақ қаскөйлер құрған қақпанға түскенін аңғарыпты. Себебі пәтердің есігі ашылып, ішке енгенінде тағы екі жігіт баса-көктеп кіріп келген. Арада бірден төбелес басталыпты. Алайда үш жігітке тойтарыс беруге шамасы жетпеген екен. Нәтижесінде олар жігітті әбден соққыға жығып, тамағына пышақ тақап, сексуалды сипаттағы зорлық-зомбылық көрсеткен. Сөзінше, қорлық үш сағатқа созылыпты. Әрі озбырлар осы уақыт аралығындағы барлық іс-әрекеттерін таспалап, жігітті бопсалаған.
“Қатер болды менің өміріме. Қазірдің өзінде менің өміріме төнген қатер бар. Барлығы да бейтаныс адамдар маған. Олар көбінесе шариғат туралы айтты. Дін жолы туралы айтты. Құдайға сену туралы айтты. Иә, әрекеттерінің барлығын видеоға түсірді. Маған өзіме көрсетті "видео осылай жарияланады" деп.
– Қанша сома талап етті?
– 500 мың теңге талап етті”, – дейді ол.
Ер адам қаскөйлерден құтылу үшін айтқандарына көнген. Сол үшін қордағы қаражатының бәрін беріпті. Ал балағаттап, зорлап, қорлаған сәтін таспалаған озбырлар жақ ашсаң жаныңды аламыз деп қорқытыпты. Тіпті үйге қалай жеткенімді білмеймін дейді ол.
Алғашқы ойы өз-өзіне қол салу болыпты. Ал ес жиған соң аудандық полиция бөлімшесіне арыз түсірген. Полицейлер көп ұзамай күдіктілерді ұстаған. Қазір оларға қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық жасау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып отыр. Егер айыпты деп танылса жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
“Бұл азаматтар қазіргі таңда қамауға алынды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Соның нәтижесінде біз болған қылмыстың толық мән-жайын анықтап, қылмыстық іс аясында процесуалдық шешім қабылдайтын боламыз”, – деді Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек.
Департамент өкілдері күдіктілер кінәсін ішінара мойындады дейді. Бірақ жәбірленушінің сөзі тек сараптама қорытындысынан соң ғана нақтыланбақ. Ал ішегі зақымданып, түрлі дене жарақаттарын алған жігіт қазір ем қабылдап жатыр. Әрі ол өмірінің күл-талқанын шығарған озбырлар қатаң жазаға тартылуы тиіс деп отыр. Сол үшін соңына дейін күреспек.
Еске салайық, НеМолчи қорының басшысы Дина Смайылова Алматы қаласында үш жігіттің 30 жастағы ер адамды зорлап, ақшасын тартып алғанын мәлімдеген еді. Сөзінше, зорлықшылар жәбірленушіге психологиялық қысым көрсетіп, дене жарақаттарын келтірген.