Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Путин, Си Цзиньпин, Ердоған: ШЫҰ саммитіне Астанаға кімдер келді, не айтылды

Астанада Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының саммиті басталды. Жиында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің басшылары саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық бағыттағы ортақ өзекті мәселелерді талқылайды. Саммитке қатысу үшін көптеген мемлекеттің президенттері мен халықаралық ұйым басшылары Астанаға келді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Саммитке ең бірінші болып келгендердің ішінде Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин бар. Оны әуежайда премьер-министр Олжас Бектенов қарсы алды.

Оған қоса Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның ұшағы да Астанаға қонды.

Сонымен қатар Путин мен Ердоған келіссөз жүргізді. Келіссөз барысында Түркияның Синоп қаласында тағы бір атом электр стансасы жобасын іске асыру мүмкіндігін талқылады. Ердоғанның айтуынша, Түркия мен Ресей арасындағы сауда айналымы көлемін 100 млрд долларға жеткізу көзделген. 

"Мен бұл межеге жақын уақытта жететінімізге сенемін. Бізде оған қажет әлеует толық бар", — деп атап өтті Режеп Тайып Ердоған. 

Сөз соңында түрік көшбасшысы Владимир Путинді таяу арада Түркияға сапарлап келуге шақырды.  
Сондай-ақ Ресей президенті Тоқаевпен кездесті. Кездесу барысында екі елдің серіктестігі туралы сөз қозғалды.

"Елдеріміздің бірқатар халықаралық ұйымға төрағалық етіп отырғанын атап өткім келеді. Қазақстан ШЫҰ мен ҰҚШҰ-ға, ал Ресей БРИКС пен ТМД-ға төраға болып отыр. Сондықтан бір-бірімізді қолдап, көмектесеміз. Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырғаныңыз үшін алғыс айтамын. Әлбетте, мұны ҰҚШҰ саммитіне орайластырған тиімдірек болар еді. Екіжақты қарым-қатынасымызға келер болсақ, сіздермен үнемі байланыстамыз. Елдеріміз арасындағы тауар айналымы артып, шамамен 30 миллиард долларға жетті. Бұл — өте жақсы көрсеткіш. Ресей Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық серіктестерінің бірі болып қала береді", — деді Ресей президенті.

ШЫҰ самиитінің басты қонақтарының бірі – Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин. Қасым-Жомарт Тоқаев  Си Цзиньпинді Ақордада қонақ етті. Сондай-ақ қос президент бірлескен мәлімдемеге қол қойды.

"Қытай Қазақстанның БРИКС құрамына кіруін қолдайды. Қазақстанды рөлі артып келе жатқан, әлемдік істерге, жаһандық басқаруға лайықты үлесе қоса алатын әлемдегі орта державалардың бірі ретінде қолдайды", – деді Қытай басшысы.

Си Цзиньпин Қытай мен Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымын құру ісінің басында тұрғанын атап өтті. 

"Қазақстан төрағалығының ШЫҰ қызметін дамытудағы және бірегей ынтымақтастықты ілгерілетудегі елеулі үлесін ерекше атап өткім келеді. Ертеңгі Астана саммиті толықтай табыспен өтетіні және ұйымымыздың қызметін жаңа белеске көтерері сөзсіз", – деді ҚХР төрағасы.

Артынша Астанаға БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гуттериш те келген.

"Қазақстан бейбітшілік жолындағы күрестің жарқын үлгісін көрсетіп келеді. Сіздің еліңіз бірігу ісінде дәнекер, соның ішінде өте күрделі жағдайларда әрқашан алтын көпір, бейбітшіліктің елшісі болды. Астана көптеген бітімгерлік бастамалардың, соның ішінде Сирия бойынша Астана процесінің орталығына айналды. Астана әрдайым бейбітшілік алаңы болды. Қазақстанның беделі зор. Сіздер ядролық қарусыздану саласында көшбасшы елсіздер және басқа да көптеген салада бейбітшілікке бейілді екендеріңізді танытып келесіздер", – деді Антониу Гутерриш.

Сонымен қатар Моңғолия президенті Ухнаагийна Хурэлсухан ШЫҰ саммитіне қатысу үшін елімізге табан тіреген.

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің 24-ші отырысына қатысу үшін Астанаға келді. 

Қазақстан президенті ШЫҰ саммитіне құрметті қонақ ретінде қатысқаны үшін Ильхам Әлиевке алғыс айтты.

"Мен Бакуге және Шушаға жасаған сапарымды үнемі еске аламын. Бұл, шын мәнінде, бетбұрысты, маңызды, тарихи мәні бар сапар болды десек, артық айтқандық емес. Келіссөздер барысында біз бірқатар стратегиялық сала бойынша өзара ықпалдастықты одан әрі дамытуға тың серпін бердік", – деді Қазақстан президенті.

Келесі болып Астанаға Пәкістан Ислам Республикасының премьер-министрі Шахбаз Шариф те келді. 

Катар Шейхі Тәмим бен Хамад Әл Тәниді елордадағы әуежайда Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов қарсы алды.

Еске салсақ, Қатар мемлекеті ШЫҰ диалогы бойынша әріптес мәртебесіне ие.

"Сіз өзара қарым-қатынасымызды стратегиялық деңгейге көтергенімізді еске салдыңыз. Мен қарым-қатынасымызды мақтан тұтамын. Елдеріміз әлі де ауқымды жұмыс атқаруға, соның ішінде экономикалық және инвестициялық байланысты одан әрі нығайтуға тиіс", — деді Қатар әмірі Тоқаевпен кездесуі барысында.

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров пен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон да ШЫҰ саммитіне қатысады.

Оған қоса Белорусь басшысы Александр Лукашенко да Астанада. Саммит аясында Александр Лукашенко шетелдік әріптестерімен бірқатар кездесулер мен келіссөздер өткізеді деп болжанды. Алдағы саммитте Беларусь үшін басты мәселе – елді ШЫҰ-ға мүшелікке қабылдау рәсімін аяқтау. Еске салсақ, Беларусь Республикасы 2010 жылдан бері Шанхай ынтымақтастық ұйымына қатысып келеді. 

Саммитке қатысатындар арасында Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Чжан Мин де бар.

Талқылау