Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Шамамен 7 миллиард теңге”. Қазақстанда "Chia Tai Tianqing" қаржы пирамидасын құрды деген күдікті – Қытай азаматы

Қаржылық мониторинг агенттігі ел аумағында 2022 жылдан бері қаржы қақпаны ісін дөңгелеткен "Chia Tai Tianqing" тексеруде. Соңғы дерекке сүйенсек, негізгі құрылтайшысы – Қытай азаматы, ол еліне қашып кеткен деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Агенттік дерегінше қазіргі уақытта 17 аумақтық департамент қаржылық пирамиданы құру және басқару фактісі бойынша 17 қылмыстық істі тергеп жатыр. Олар 2022 жылдың шілдесінен бері жұмыс істеп келеді және фармацевтикалық зауыт құрылысына инвестиция салу, сондай-ақ тағамдық қоспалар мен басқа да дәрі-дәрмектерді дамытуға инвестиция салу желеуімен инвесторлардан қаражат алған. Десе де "Chia Tai Tianqing" Қазақстанда заңды тұлға ретінде тіркелмеген. 

“Болжам бойынша, қаржы пирамидасының ұйымдастырушысы Қазақстан Республикасының аумағынан шығып кеткен Қытай азаматы. Алматы қаласының аумағында Қазақстанның үш азаматы компанияның заңсыз қызметін насихаттаумен айналысқан. Олардың жеке басы анықталды. Әрі инвесторларға компанияға салынған инвестициядан жоғары қайтарым алуға уәде берген. Жаңа салымшыларды тартқан жағдайда 10% көлемінде сыйақы беруді уәде еткен. Бұл компанияға тартылған қаражат көлемі, алдын ала мәлімет бойынша 7 миллиард теңгеден асады”, – делінген агенттік ақпаратында.  

Өткен аптада Алматы қаласы департаментіне жәбірленушілерден аталған тұлғаларды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы 200-ден астам өтініш келіп түскен. Қаржы пирамидасын ұйымдастыруға күдікті үш жетекшінің екеуі уақытша ұстау изоляторына қамалды. 

Талқылау