Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Атамекенге оралуға тіл басты кедергі": Иран қазағы елдегі тұрмыс-тіршілік, танымал қазақтар және орташа жалақы туралы айтты

Жапарбай Шадкам 1966 жылы Иран ислам республикасының солтүстігіндегі Гүлстан провинциясының орталығы Горган қаласында дүниеге келген. Ол Ирандағы Қазақ радиосында ұзақ жылдар қызмет еткен. Қазіргі таңда зейнеткер. Жат жұрттағы қандасымыз Stan.kz тілшісіне санкция аймағындағы ел азаматтарының өмірі, орташа жалақы, этникалық қазақтардың жай-күйі, қазақ диаспорасының тарихы туралы айтып берді. 

Жапарбай Шадкам Адай руының ішіндегі Көрпеден тарайтынын айтады. Ирандағы қазақтардың басым бөлігі адайлар көрінеді.

"Аталарымыз Иран жеріне 1929-1931 жылдар аралығындағы жасанды ашаршылықтың зардабынан көшіп келген. Маңғыстау облысынан Түркіменстанға, одан әрі Иранға өткен. Түркімен жерінде қалып қойғандары да болыпты. Жолда небір қиындықтарға жолыққан. Түркімен халықтарының  тарапынан шабуылдар да болған. Тіпті, қыздарды алып қашқан дейді. Біз осы әңгімелердің шет жағасын өз құлағымызбен естідік. Аталарымыз өздерінің еңбекқорлығының арқасында, бүгінгідей жағдайға жетті", - дейді қандасымыз. 

Ирандағы Қазақ радиосында 25 жыл қызмет еттім

"Иранда орта мектепті бітіріп, одан кейін спорт институтын тәмамдадым. Спорт саласында бірнеше жыл жұмыс істедім. Ирандағы Қазақ радиосы ашылған тұста, диктор әрі аудармашы ретінде жұмысқа орналастық. Қазір зейнет жасындамыз. 
Жұбайым - Айша Ескелді мектепте бастауыш пәнінің мұғалімі. Кейін жұмысын ауыстырып, мен сияқты Қазақ радиосына аудармашы әрі диктор болды. Екі қызымыз бар. Үлкені 20 жасқа келіп қалды. Кенжеміз сегізінші сынып оқиды", - дейді екі қыздың әкесі.

Жапарбай мырзаның айтуынша, Иран қазақтары елдің барлық салаларында қызмет етіп жүрген көрінеді.

"Елдегі қазақтар әртүрлі кәсіппен шұғылданады. Кейбіреулерінің ауыр техникалары бар. Олар ауыл шаруашылығымен айналысады. Қазіргі кезде қазақтардың әрүрлі салада жүргендері өте көп. Арамыздан жоғары білім алып дәрігер, мұғалім, инженер т.б. сала иегерлері бар", - дейді ол.

“Иранда қазақ мектебі жоқ”

Айтуынша, Иранның заңы бойынша тек парсы тілінде ғана білім алуға рұқсат екен. 

“Біз сияқты азғантай диаспораларға ондай мүмкіндік жоқ. Ирандағы қазақтар Горган, Гүмбәз-кавуыс, Бәндәр-түркімен деген қалаларда тұрады. Кейбір жастарымыз жұмыс бабымен Иранның әртүрлі қалаларында жүр. Иранның астанасы – Тегеранда тұратын қазақтар да бар. Өзіміз де жұмыс бабымен Тегеранда 20 жылдан астам тұрдық. Ирандағы қазақтар өз араларыңда қазақ тілінде сөйлеседі. Бірақ та қоғамда парсы тілін қолданамыз. Иран үкіметінің басқа ұлттарға көзқарасы жаман емес. Бізде ұлтқа бөлінушілік жоқ. Бәріміздің құжаттарымызға Иран азаматы деп жазған”, – дейді ол. 

Қандасымыз елдегі қазақтардың өмір сүру жағдайы жаман емес дейді. Тек соңғы кездері Иранның саясатына байланысты Америка мен Батыс елдерінен санкцияға ұшырап жатыр екен. 

“Экономикалық жағдайға қарасақ, бізде жағдай мәз емес. Иранның ақшасы күннен-күнге құнсызданып жатыр. Өмір сүру деңгейіміз бұрынғыға қарағанда нашарлаған. Ирандағы былтырғы революциялар көптеген аймақтарда болды. Бірақ ондайға біздің қазақтар араласпайды. Аз ұлттардың ондай толқуларға араласқаны жақсылыққа апармайды ғой. Бір сөзбен айтқанда, билікке қарсы шыққандарға қосылмаймыз", - дейді сұхбат беруші.

Оның айтуынша, Иран қазақтарының нақты саны белгісіз. Шамамен 5-6 мыңға жуық қазақ бар дейді. Иран қазақтарынан шыққан танымал тұлғалар көп.

"Ираннан шыққан танымал тұлғалар ішінде, Қазақстанда көп жылдан бері тұрып жатқан шығыстанушы, дінтанушы, профессор Ислам Жеменейді атап өтетін едім. Ол кісі парсы тілінен қазақ тіліне аударма жасайды. Көптеген кітаптардың авторы. Өзімнің нағашым, заңгер, қажы Мұхаммед Шадкам бүгінде өмірден өткен. Қазақ әдебиетін тереңінен меңгерген кісі. Абай Құнанбайұлының шығармаларын парсы тіліне аударған. Одан басқа да көптеген еңбектері бар. 5 мыңнан аса сөздікті құрайтын кітап дайындаған. Өкінішке қарай, қаржылай демеушілік болмай қолжазба түрінде қалды. Қазақстандағы университеттердің бірінде аманат ретінде сақталып тұр. Атамекеніне оралған Диас Ноғыз деген азаматымыз бар. Қазақстанға кеткеніне 25 жылдай болып қалды. Қазір Ақтау қаласында тұрады. Ағылшын тілінің маманы. Көптеген кітаптарды жарыққа шығарып жатыр.

Иран қазақтарының спорттан да жетістіктері бар. Гүлстан облысынан республика деңгейіндегі жарыстардан топ жарып жүрген жастарымызды айтсақ болады. Иранның бокстан ұлттық командасына қазақ жастары да мүше. Әуесқойлардан кіші футбол арасында өткен, 40 команда ішінен Ақтаудағы "Патриот" командасы бірінші орынға ие болды. Сол команда ішіндегі капитаны мен үш футболшы Иранның қазағы. Иранның танымал қазақтарынан есіме түскендері әзірге осы кісілер", - дейді ол. 

“Қазақ елшілігіне керек кезде ғана еске түсеміз”

Оның айтуынша, Қазақстан елшілігі бұрыннан Иран қазақтарымен тығыз байланыста болатын. Олар әртүрлі іс-шаларды өткізетін тұста қазақтарды жинаған.

“Қазақстанның тәуелсіздігі немесе наурыз мерекесін атап өтетін кезде, біз естеріне түсеміз. Виза алатын болсақ, қазақ екенімізді дәлелдеу үшін Ирананның ресми орындарынан анықтама талап етеді. Ираннан атажұртына оралғысы келетін қазақтар көп. Бұрын түрлі жеңілдіктермен көптеген ағайындар көшіп барды. Жастарымыз атамекеніне қыдырып барып, елдің жағдайымен танысып жүр. Қазақстаннан жұмыс тауып, жер алып, үй соғып отбасыларың көшіріп жатқандары да бар. Соңғы кездері виза мәселесі шешілмей жатыр. Қазақстанда көш тоқтап қалды десек те болады. Бірақ екі апта арасында екі елде визасыз режим орнаған. Осы уақыт ішінде Қазақстанға орнығып, жағдайымен танысамын дегендерге уақыт өте шектеулі ғой", - дейді зейнеткер.

Қандасымыздың анасы мен інісі, екі қарындасы бүгінде Ақтау қаласында тұрады екен. Иран қазақтары салт-дәстүрге берік.

"Иранда "қазақ мәдени" орталығы жоқ. Бізде аз ұлттарға орталық ашуға кезігетін қиындықтар көп. Орталық ашамыз деп, талай рет ресми орындардың табалдырығын тоздырдық. Бірақ жақын арада мәдени орталығымыз ашылып та қалуы мүмкін. Қазақтар Иранда үлкен жиындарды өткізеді дей алмаймын. Өздерінің той-томалақтарында ғана жиналмаса, үлкен жиындар өтпейді. Ұлттық мерекелерді атап өту үшін, бізге мәдени орталығымыз керек. Наурыз мерекесі бізде Қазақстандағыдай жоғары дәрежеде тойланбайды. Бір-бірін құттықтап, үйлерді аралап көрісетіндері де бар. Өзіміздің үйлену тойы, шілдехана, сүндет той, баланы бесікке бөлеу, беташар бәрі де қазақы қалпында өтеді", - дейді алыстағы қандасымыз.   

Қазақтар сияқты бұлар да қонақжай

"Иранда таңғы 8-ден бастап адамдар өз жұмыс орындарында болады. Түскі үзіліс түскі сағат 2-ге дейін. Кейбір мекемелер 25-30 жылдан кейін зейнетке шығарады. Иранда зейнетке шығу адамдардың жасына қарамайды. Еңбек өтіліне байланысты зейнетке шыға береді. Сенбіден сәрсенбіге дейін жұмыс күні. Бейсенбі жартылай жұмыс. Жұма күні бізде ресми демалыс. Мұнда төрт мезгіл де бар. Біздің Гүлстанның табиғаты өте жақсы. 

Азық-түлік жағынан жетіспеушіліктер жоқ. Иранның өзінен түрлі жеміс-жидек өндіріледі. Сырттан тамақ өнімдері көп келмейді. Орташа жалақы әр жерде әрқалай есептеледі. Шамамен орташа жалақы 200 доллардай (88 мың – авт.) болады.  

Сөзінше, Иран халқы мен оның жастары елдің демократиялық бағытты ұстанғанын қалайды екен. 

"Ирандықтар Америка мен Еуропа елдеріне көп көңіл бөледі. Орталық Азия елдері туралы көп біле бермейді. Алайда Қазақстанға турис ретінде баратындар бар. Халық Америка мен Еуропаны жау көрмейді. Жау көретін біздің билік. Олардың саясаты сондай боп тұр", - дейді ол. 

“Атажұртқа оралуға кедергілер бар”

Қандасымыз атамекенге оралуға ниеті барын айтады. Бірақ тіл жағынан кедергілер болады деп қорқады. 

“Бірақ келешегіміз жастарда ғой. Жастарымыз Қазақстанның жағдайымен танысып, ата-аналарының рұхсатымен елге көшеді. Қазақстанға оралуға кедергілер бар. Қазақстанда орыс тілін білмейтін адамға өмір сүру қиын. Сондықтан осы жағын ойлану керек. Тіл жағынан қиындыққа ұшыраған соң, адамға барлығы кері әсер береді. Одан кейін ешкімнің көшкісі де келмейді. 

Әрине! Қазақ болғаннан кейін, өз жұртымызға қосылғымыз келеді. Дегенмен көріп отырғанымыздай, атажұртымыз тәуелсіздік алғанына қаншама жыл болса да, ана тіліміз өз мәртебесін таба алмаған. Бізге атамекенге оралу, тіл жағынан басты кедергі", - деп сөзін аяқтады ол.  
             

Қадырбек ӘУЛИЕАТА
     

Талқылау