Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шалқарда жол жөндеуге бөлінген ақшаны шенеуніктер талан-таражға салған

Ақтөбе облысының Шалқар қаласында жол жөндеуге бөлген ақшаны шенеуніктер талан-таражға салған. Қазір тергеушілер әкімдіктегілерден ол қаржыны қайда жұмсағандарын сұрап жатыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап. 

ақша

Сурет: Informburo.kz

«Шалқар қаласы Тұңғатаров, Боранбайұлы және Бостандық, Қарағұл көшелерінің автокөлік жолдары бойынша жасалмаған жұмыстарды қабылдау арқылы аса ірі мөлшерде, яғни отыз миллионға жуық теңге көлеміндегі сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу және талан-таражға салу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды”, - деді Ақтөбе облыстық прокуратурасы басқармасының аға прокуроры Жәнібек Төребеков. 

Шалқардағы төрт көшеге тас төселгенде тұрғындар қуанған еді. Кейін ревизиялық комиссия тексеруге кіріскенде жұмыстың жартылай істеліп, биттің қабығындай асфальт құйылғанын көреді. Ал қазынадан бөлінген ақшаны мердігерге аудара салған. Тіпті шенеуніктер атқарылған жұмысқа қатысты жалған құжаттар әзірлеген. Енді сол үшін аудандық әкімдіктің басшылары мен автокөлік жолдары бөлімінің өкілдері жауапқа тартылып жатыр. 

Айта кетейік, бұған дейін Шалқардың шұрық-тесік жолына қатысты бұрынғы бөлім басшысы ақшаның жоқтығын айтып күлкіге қалған еді. Қаржы бөлсе қатырамыз деген болатын.

Талқылау