Шалғай ауылда тұратын қазақ баласына шетел әншісі ұсыныс жасады
Ақтөбе облысының шалғай ауылында тұратын Әли Аманжолдың талантына ғаламтор арқылы тәнті болған Израиль әншісі оған ұсыныс жасап отыр.
21 жастағы ақтөбелік Әли Аманжолдың желіге жүктелген видеосы Израильдің әншісі Джеффрай Нэрастың (әншінің лақап есімі) назарына іліккен. Шетелдік өнер адамымен Әли ағылшын тілінде еркін сөйлеседі, деп хабарлайды «Тілші».
Ақтөбе облысының Әйтеке би ауылында дүниеге келген Əли 8 жасында теледидардан Майкл Джексонның би қимылдарын үйрене бастапты. Орта сыныптарға келгенде мектеп сахнасында өнер көрсете бастайды.
Биге икемі бар Əлидің сахнадағы қимылдарын көргендер таңданыстарын жасыра алмайды. Тіпті, кəсіби би мектебіне қатысасың ба деп те сұрап жататындар бар екен.
Жас талант шетел әншілерін тыңдап өскен. Қолы қалт еткенде Американың, батыс елдері орындаушыларының біраз шығармасын айтып жүр.
Әлидің ата-анасы да өзімен бірге шалғай ауылда тұрады. Анасы наубай, әкесі дәнекерлеуші. Жас жігіттің өзі Ақтөбедегі колледждердің бірінен құрылыс мамандығын алып шыққан.
«Мен бір құрылыс нысанында сылақшы да болып жүрдім. Басқа да қара жұмыстардан қашпадым. Алматыда үлкен сайыстарда бағымды сынағым келеді. Алайда, жолға, жатын орынға тиын-тебен керек болады. Тағы бір реті болар деп кейінге қалдырып келемін. «Қазақстан дауысы» жобасына қатысқым келеді», — дейді Әли Аманжол «Тілшіге» берген сұхбатында.
Әлидің музыкалық білімі жоқ. Бүгінде ауылдан Ақтөбеге келіп, вокалдан дәріс алғысы келетінін жасырмайды. Онымен ауылдағы жұмысынан да сұрану керек.
«Израильден видео арқылы хабарласып жүрген әнші вокалдан дәріс оқитын адам тауып беретін болды. Ақысы доллармен есептеледі, арзан емес сияқты. Дегенмен, көмектескісі келеді. Тіпті, ол Израильден дауысын жазса, мен осы жақтан жазып берсем, екеуміздің дауысымыздан бір композиция жасағымыз да келеді. Ән ағылшын тілінде болмақ. Әрине, Майкл Джексонның репертуарынан болуы мүмкін. Мүмкін жаңа ән орындап қалармыз», — дейді Әли Аманжол.