Шахизада маскүнемдікке салынған күйеуінен оңбай таяқ жегенін айтты
Әнші Шахизада Байпатшанованы ел келін түсіріп «қайын-ене», артынша немерелі болып «әже» атанған бақытты әйел санайды. Солайы солай. Алайда әншінің жас кезде нендей қиыншылықтарға тап болғанын жұрт біле бермейді. Ұлы небәрі 2 жаста болғанда әншінің күйеуімен ажырасуына тура келген. Оған себеп жолдасының ішімдікке салынып, ара-тұра жұбайын соққыға жығуы болған.
Бұл туралы «Қазақстан» арнасының «Әйел бақыты» бағдарламасында айтылды.
«Ажырасамын деп ажыраспайсың ғой. Үйдің тыныштығы бұзылған соң сол тынышсыз өмірді, айхай-шуды баламыз көрмесе екен деп, сол кездегі жолдасым ащы суды қоймағаннан кейін, қол көтергеннен кейін ажырасуға бел будым. Ол кісіден ажырасу үшін рұқсат сұраған жоқпын. Шешімді өзім қабылдадым. Өйткені баламның болашағын ойладым. Баланың бақытты болуы үшін анасы бақытты болуы керек. Есі кіргеннен кейін балам «Неге бірге тұрмайсыздар?» деп сұрай бастады. Оған дейін әкесінен ажыратқан жоқпын. Керісінше табыстырып, кездестіріп жүрдім. Әкесі ешқандай көмек көрсеткен жоқ. Әкеммен араласамын деген соң араластырдым. Бірақ осы уақытқа дейін одан көмек көрген емеспіз. Керісінше бүгінде менің баламнан көмек сұрайтын көрінеді», – деп ағынан жарылды әнші Шахизада бағдарлама барысында.
Ләйлә Сұлтанқызының «Ажырасқаның үшін өкінген кезің болды ма?» деген сауалына Шахизада:
«Өткен іске өкінбе» дейді. Дегенмен де өкінген кездерім болды. Баламның жылап, жүрегі ауырған кездері болды. «Неге бұлай?» деген сұрақтарды жиі қоятын. Соның бәріне жауапты өзі тапсын деп әкесімен араластырдым. Бір жолы әкесінен де сұраған екен. Ол кісі: «Сенің анаңмен тұра алмаймын», – депті. Менен ажырасқаннан кейін 3-4 әйел алып, бірнеше бала туғызған көрінеді. Балам «інім бар екен» деп қуанып, мақтанып айтып келетін. «Қуаныштымын» деп қоятынмын, алайда жүрегім ауыратын. Екеуі араласып жүргенде баламның әкесінен қатты көңілі қалса керек-ті. Бір күні «әкеммен араласқым келмейді, онымен тұрғым келмейді», – деді. Оған әкесін жамандай алмаймын. Сол себепті жауабын өзі тапсын дедім», – деп жауап берді.
Өз сөзінде әнші күйеуін құлай сүйгенін, жас кезде оның мінезінің кемшіліктерін байқамағанын айтып өтті.
«Ажырасудан жапа шегетін бала. Өйткені оның әкесі де анасы да екінші рет отбасын құрып кетуі мүмкін. Екі ортада шырылдайтын бала. Қанша дегенмен қызғанады. Сегіз жыл шыдадым. Қыз-жігіт болып жүрген кезде оның мінезін жақсы білмеген екем. Жақсы көрдім. Ол кезде 18-19 жастағы бойжеткен қызбын. Қатты жақсы көрдім, сүйдім. Оның дүниесіне, ақшасына еш уақытта қызыққан емеспін. Екеуміз бірге болып, бақытты ғұмыр кешейікші деп қана ойлайтынмын. Алайда қол көтере беретін болған соң өзіме: «Мен не үшін өмір сүріп жатырмын? Мына өмірге таяқ жеу үшін келдім бе?» – деп сұрақ қойдым. Бала десе бала туып бердім. Тағы да нәрестелі болуға қанша рет тырыстым. Бірақ болмады. Сосын өзім шешім қабылдадым. Алла Тағаладан: «Менде басқа өмір болса сонда алып баршы болмаса өмірден алып кетші» деп сұрайтынмын. Соған дейін жеткізді», – деп түйіндеді сөзін әнші.
Бүгінде келін түсіріп, немересінің қызығын көріп отырған әже балаларына үнемі өз ақыл-кеңесін айтып отыратын көрінеді. Ата-аналарының қателігін қайталамасын деген ниетпен басынан өткен жайтты баяндап, Шахизада ұлы мен келінінің тату-тәтті ғұмыр кешуін тілеумен отырады.
Жіберіп алмаңыз:
Шаңырағы шайқалған қазақстандық жұлдыздар
Қарақат алғаш рет Қыдырәлінің алғашқы отбасы жайында айтып берді