Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шахандағы апаттан көз жұмғандар жерленді

Қарағанды облысы Шахан кентіндегі апаттан көз жұмған 9 адамның 6-уы бүгін жер қойнына тапсырылды. Андроповтар отбасының үш мүшесі мен Галышевтер жанұясындағы атасы мен немересі Шаханда ақтық сапарға шығарып салынды, – деп хабарлайды КТК арнасы.

епа

Құлаған үйіндінің астында мерт болған 60 жастағы Валерий Михайловты бала-шағасы Абай ауданына алып кеткен. Айта кетейік, марқұмдардың үшеуі ертең жер қойнына тапсырылады. Ал апат кезінде жараланған тағы екі тұрғын ауруханада жатыр. Өмір бойы дәнекерлеуші боп жұмыс істеген Валерий Михайловты туғандары Шаханда емес, өз ауылы Сарыептіде жерледі. Қоштасу рәсімінде ет жақындары қимастықпен естеліктер айтты.

“Жақында Беларусьтен інім келіп, бәріміз арқа-жарқа боп кездесіп едік. Қуанышымыз көпке ұзамады. Бірақ ол кезде Валераны соңғы рет көріп тұрғанымызды білмедік”, – дейді марқұмның әпкесі Наталья Некрасова.

Виталий мен Ольга Андроповтар және олардың 8 айлық нәрестесімен қоштасуға келген жұрт та мең-зең. Ал апат кезінде басқа бөлмеде жатып ажалдан аман қалған олардың 7 жастағы қыздары Алинаға сұмдық хабарды туыстары әлі естіртпепті. Сондай-ақ, аталы немерелі Василий мен 6 жастағы Артур Галышевтермен де Шахан жұрты осы жерден қоштасты. “Көз алдымда өскен балалар еді. Балаларым, немерелеріммен қатар ер жетті ғой. Қалай ғана қабырғам сөгілмейді”, – дейді Шахан кентінің тұрғыны Александр Лущ.

Екі отбасының жаназасына келген Шахандықтардың қарасы қалың. Оларды, әсіресе, марқұмдардың ішінде үш сәбидің болғаны қатты қинайды. Туыстары көз жастарына тұншықса, жиналғандар осы апаттың себептерін айтып ашынды. Өйткені кеңес үкіметі ыдырағанда жылусыз қалғандар өз күштерімен жертөлеге жылыту қазандықтарын қойып алыпты. Мұның қауіпті екенін шенеуніктерге сан рет айтса да, орталық жылу жүйесіне қосу мың сылтаумен кейінге шегеріліп келген. Ал апаттан кейін жұрт тіпті ашулы.

“5-ші қабатқа көмір тасып шаршадым шыны керек. Тоқсанға келіп көргенім осы ма әлде аталарымыз күніміз осы болсын деп соғысты ма? Өмір бойы еңбек етіп, қартайғанда тыныш өлсем деген арманым орындалмады”, – дейді Шахан кентінің тұрғыны Галина Столярова.

Жер қойнына кетіп бара жатқан екі отбасының артында жақындары ұлардай ұзақ шуласты. Көңіл айта келгендер де көп. Дегенмен бұл маң әлі де қара құрым адамға толады. Себебі, ертең 600 тонна бетонның астында қалған тағы үш марқұмның денесі осы шіркеуден шығарылмақ.

Талқылау