Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Шахтада тәуекелге баруға болмайды": Қарағанды облысында 140 жыл еңбек өтілі бар кеншілер әулеті тұрады

Кеншілер әулеті атанып кеткен Асқаровтарды Қарағандыдағы Абыз өлкесі жақсы таниды. Саналы ғұмырын осы тау-кен саласына арнап келе жатқан әулеттің кеншілік қызметтегі ортақ еңбек өтілі 140 жыл шамасын құрайды. Қауіп-қатері көп қызметке өмірін арнаған әулеттің 8 адамы "Қазақмыс Корпорациясы" ЖШС-ға қарасты “Абыз”  кенішінде жемісті еңбек етіп жүр. Stan.kz тілшісі "Абыз" кенішіндегі шаңды желдету қызметінің бастығы Басари Муфталұлымен сұхбаттасып қайтты.


 Мамандығы мақтанышқа айналған әулет

Асқаровтар әулеті түгін тартса, майы шығатын кенді өлке – Абыз ауылында тұрады. Басари Муфталұлының жанұясы мен інілері де осы кәсіпорында абыроймен қызметтерін жалғастырып келеді. Әулеттің алғашқы кеншісі Басари Асқаров та өндірісті өлкеде тұрған соң өмір жолын осы салаға арнаған. Қазір "Абыз" кенішінде шаңды желдету қызметінің бастығы. 

Жұбайы Алма Асқарова 19 жылдан бері шахта қызметкерлеріне арналған жатақханада еңбек етуде.

Ұлы Әбілғазы Асқаров та атакәсіпті жалғап, кеншілікке бет бұрған. 18 жылдық еңбек өтілімен кеніште тау-кен шебері болып жұмыс істеп келеді. 

Үлкен қызы Назым Асқарованың да мамандығы тау-кен саласымен тығыз байланысты. Нәзік жанды ару кеншілермен иық тіресе еңбек етіп жүр. Ол – "Қазақмыс-Барлау" ЖШС-да геология бөлімінің білікті мамандарының бірі. 

Кенже қызы да отбасы мүшелері еңбек ететін кен орнында нәпақасын тауып, бүгінде қазыналы кен орнының сыйлы қызметкерлерінің біріне айналған. Назым Асқарова – "Абыз" кенішінде құжаттамалық жұмысқа жауапты іс қағаз жүргізушісі.

Әулеттің күйеу баласы Аян Төлеуқайыр 13 жылдан бері жерасты жүк көлігінің жүргізушісі қызметінде. 

Басари Муфталұлының қос інісі де осы мамандықтан алыс емес. Ғазиз Асқаров кен орнындағы сервистік қызметтің маманы болса, Бақытбек Муфталұлы 14 жылдық еңбек өтілімен кеніште электромонтер болып жұмысын адал атқарып келеді. 

Кеншілерден құрылған Асқаровтар отбасы ерекше мамандықты таңдағандарын мақтан етеді.

 

Әрбір адамның өмірі, қауіпсіздігі маңызды

Өз саласында әбден машықтанған Басари Муфталұлының тау-кен саласындағы жалпы еңбек өтілі 38 жыл. Бүгінде құрметті еңбек демалысына шықса да, басшылық тәжірибелі маманның кеніште тағы бір жыл жұмыс жасағанын құп көрген. Қазір Басари Муфталұлы өз қызметімен бірге, тәлімгерлік міндетті де қатар алып жүр.

"Қарағанды техникалық университетінде инженер-механик мамандығы бойынша білім алдым. Тау-кен саласындағы еңбек жолымды 1985 жылы Қарағайлыдағы кен-байыту комбинатында бастадым. Тоқырау жылдарындағы қиындыққа мойымай комбинатта күні-түні үздіксіз еңбектің майданына түстім деуге толық негіз бар. Осылайша бұл өндіріс ошағында бас-аяғы 13 жыл тер төккен екенмін", –  деп еске алды еңбек жолын бастаған жылдарын ол.

Араға жылдар салып, 2006 жылы өзінің туған өлкесіндегі “Абыз” кенішіне жұмысқа орналасады. Күні бүгінге дейін кеніште жемісті еңбек етіп келеді. Басари Асқаровтың мұндағы қызметі де нар жүгіндей жауапты. Ол – шахтадағы шаңды желдету қызметінің бастығы. Кенші шахта астында ауа алмасып тұруын, таза ауа баруын қадағалайды. Бұл қызметте қателікке бой алдыруға жол жоқ”, – дейді кенші.

Өз саласының шебері атанып отырған Басаридің айтуынша, шахтада қатаң тәртіп болмаса, жұмыс еш өнбейді. Себебі жер бетінен жүздеген метр тереңдікте жұмыс істеудің өзі түрлі қауіпке толы. 

"Шахтаның астында жүздеген кісі жұмыс істейді. Мысалы, біздің кеніштің өзінен 72 адам шахтаға түседі. Жер асты – ойнайтын жер емес. Әрбір адамның өмірі, қауіпсіздігі маңызды. Мен шахтадағы ауаға жауап беремін. Ауа алмасуын қадағалаймын. Таза ауа баруы керек, сондықтан үздіксіз тексеріп отырамыз. Шахтада 7-8 мәрте жарылыс болады, жарылыстан кейін жарты сағат желдетеміз. Ол уақытта  шахтаға түсуге тыйым салынады. Оның ішін тазарту керек, ең көбі 1 сағатқа дейін созылады.

Шаңы кетіп, таза ауа барған соң тау-кен шеберіне ғана бірінші рұқсат береміз. Желдеткіш құрылғыларын қадағалап отырамын.  Міне, осының барлығы авариялық құтқару қызметі жанындағы желдеткіш қызметінің жауапкершілігінде. Арнайы зертхана бар, сондағы мамандарға да тапсырма беремін. Олар әрбір горизонтқа барып, "ALTAIR 2" газ анализаторы құрылғыларымен ауа құрамының мөлшерін тексеріп отырады. Қалыпты жағдайдан асып кетпеуін назарда ұстап отырады. Менің қарамағымда 7 адам жұмыс істейді", – деп түсіндірді кенші.

Жер астында қателікке жол жоқ

38 жылдық тәжірибесі мол маман ізденуден жалықпаған. 63 жасты алқымдаса да соңғы технологиялық үлгідегі жаңашылдықтарды меңгеру үшін үнемі оқып, тәжірибе алмасып отыруды мақсат тұтқан. Сол себепті корпорация ұсынған мүмкіндіктерді жіберіп алмауға тырысатынын айтады.  

"Тәжірибені шыңдау мақсатында Нұрқазған, Жезқазған, Ақбастау, Құсмұрын сынды кен орындарына барып, ондағы жұмыс барысымен танысамын. Өзім үшін тау-кен саласындағы жаңашылдықтарды қарап, білім көкжиегімді дамытып отырамын. Әріптестерімізбен тәжірибе алмасамыз. Корпорацияның мықты кадрлардың одан әрі дамуына мүмкіндік жасайтыны қатты қуантады", – дейді кенші.

Кеніштің абыройлы қызметкері ең алғаш жұмысқа тұрған кезіндегі сәттерін де есіне алды. Талай қиындықты еңсергеніне де тоқталды. 

"Осы шахтада істеген 18 жыл ішінде небір қиындықты еңсердік. Шахтада өздігіңнен тәуекелге баруға болмайды. Мұнда қатаң тәртіп, барлығын техникалық қауіпсіздік ережесі шеңберінде ғана әрекет ету керек. Мысалы, мен жұмысқа тұрған уақытта қазіргідей дамыған құрал жабдықтар болмады. Бұрын көбісін мына екі қолдың күшімен жасадық. Күлдің барлығын контейнермен алатынбыз дегендей. Қазір ақпараттық технология дамыған ғой. Корпорация әлеуеті де жыл сайын дамып келеді. Кері кету жоқ, барлығы жаңа. Ең бастысы, корпорация адам өмірінің қауіпсіздігі үшін барлық жағдайды жасап қойған. Кісінің аман қалуына бізде барлығы бар. Сондықтан  жас мамандарға айтарым, барлығын адал еңбек пен білім жеңбек",  – деп ойын түйіндеді "Қазақмыс" компаниясының кеншісі. 

Талқылау