Серік Сапиев пен орынбасары арасындағы төбелес: Cпортшылар мемлекеттік қызметте жұмыс істеуі керек пе?

Үкіметтегі брифингте Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов танымал спортшылардың не себепті мемлекеттік қызметке келетінін түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Мемлекеттік қызметте жүрген спортшыларды саусақпен санауға болады. Серік Сапиев депутат болды, шамамен үш жыл министрлік жанындағы Дене шынықтыру және спорт комитетін басқарды, сондай-ақ Ұлттық олимпиадалық комитетте жұмыс істеді. Ол өз өңіріне тәжірибесімен бөлісу үшін осы қызметке тағайындалды.
Ал Дәурен Есімханов та мемлекеттік құрылымдарда қызметтік баспалдақтардан өтті. Оны жергілікті әкімдік тағайындады. Қазір басқарма басшыларын арнайы комиссия арқылы іріктеп, өңірлерге жібереміз. Егер адам талаптарға сай келмесе, ол чемпион болсын, жеңімпаз болсын мемлекеттік қызметте жұмыс істей алмайды", – деді министр.
Министр Қарағанды облысының спорт басқармасындағы жанжалға байланысты істі Мемлекеттік қызмет істері агенттігі қарап жатқанын атап өтті.
"Бұл жағдай әкімдік ішінде орын алды. Қазіргі таңда Мемлекеттік қызмет істері агенттігі тергеу жүргізіп жатыр. Қорытындысы кейін хабарланады", – деп қосты Ербол Мырзабосынов.
Сондай-ақ министр өңірлерде спорт саласын реформалау қалай жүріп жатқанын айтты.
"Қазір ауқымды жұмыс атқарылуда. Биыл бұрын-соңды болмаған жеті-сегіз тарихи нәтиже тіркелді. Барлық жеңіс өңірлердің еңбегінің арқасы. Бұрын бюджет түсініксіз қағидаттармен бөлінсе, қазір қаражат балалар спортына бағытталуда. Бір жылдың ішінде айтарлықтай нәтиже бар. Біз спортты лицензиялау арқылы бағалаймыз: әр өңірде қанша спортшы лицензия алғаны және қандай нәтижеге жеткені есепке алынады", – деді министр.
Айта кетейік, жақын күндері Қарағанды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы, Олимпиада чемпионы Серік Сапиев пен оның орынбасары, самбодан әлем және Азия чемпионы Дәурен Есімханов арасында төбелес болды деген ақпарат тарады. Аталған жайтқа байланысты полиция қылмыстық іс қозғады.