Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Сергек - халықты тонау": Көлік жүргізушілер "Сергекке" неге қарсы? (видео)

Жыл басында 8 күннің ішінде 42 млн теңге айыппұл тіркеген қырағы көз "Сергек" көлік жүргізушілердің бас ауруына айналды. Қателікті қалт жібермейтін "Сергектің" көшелерде көптеп қойыла бастауы такси жүргізушілерін әбден титықтатқан. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қойылған "Сергек" туралы Stan.kz тілшісі жүргізушілердің өзінен сұрап қайтты. 

Алматы көшелерінде "Сергекті" орнатқалы бері көлік жүргізушілерінің мазасы қаша бастады. Олардың пікірінше бейне-бақылаудың көшелерде тым жиі орналасуы дұрыс емес.

"Сергек қауіпсіздікті сақтайды дегенге өз басым сенбеймін. Таксист болып жүргеніме 35 жылдан асты. Үкіметке пайдасы бар шығар, бірақ қарапайым халықты да ойласын. Барлық жерде жылдамдықты 40-тан асырмау керек дейді. Бұндай жағдайда жүру мүмкін емес қой", - дейді такси жүргізушісі Долхын.

"Біз қарсымыз "Сергекке". Керек емес." Сергек" - қарапайым халықты тонау. Жұмыс жоқ болған соң, халықтың көп бөлігі таксист болуға мәжбүр. Барлығы бала-шағасын бағу керек. Сондықтан біз қарсымыз. Қауіпсіздікке керек те шығар. Бірақ ережені бұзатын адам бәрібір бұзады. Ол "Сергектен" қорқып жылдамдықты азатпайды. Бәрінде ақыл бар, заңды біледі. Осы күнге дейін айыппұл төлеп көрмеппін", - деген такси жүргізушісі Талғат айыппұлдың да қымбат екенін айтып қалды. 

"Сергек" туралы әлеуметтік желілерде де қызу талқыланып жатыр. Бір қатар отандық блогерлер "Сергектің" қырағы көздерінің арқасында ережебұзушылар азайып, тәртіп орнайтынына сенімді. 

Блогер Сергей Дуванов "Сергек" бейне-бақылау жүйесі кімдерге ұнамайтынын айтады. Оның пікірінше, жол қозғалысы ережелерін бұзуға дағдыланған жүргізушілерге (бақылау жоқ жерде) бұл бас ауру. Өйткені, "Сергек" жолдағы темірдей тәртіпке бағынауға мәжбүр етеді. Бұрын бұл адамдар жол ережелерін жиі бұзса, енді тәртіп сақтауға үнемі дағдылану керектігін айтады. 

"Екінішіден, жол ережесін бұзғандардың есебінен қалталарын қампайтатын жол сақшыларына "Сергектің" ұнай қоймасы анық. Айыппұлдардың "Сергек" арқылы төленуі олардың қалтасына "ауыр соққы". Егер бәрі жол ережесін сақтап, тәртіпті жүргізетін болса, полицейлер бір айлықпен күн көруге мәжбүр болады. Ережені сақтайтын азаматтар үшін қорқатын дүние емес, бірақ қылмыскерлер үшін салмақты мәселе", - деп Фейсбук парақшасында жазба қалдырған блогер. 

Желі қолданушылар арасында бұл пікірді қолдайтындар кездесті. 

"Сергектің" жұмыс істеуіне қарсы болғандар маған жыныстық қылмыс үшін жазаны қатаңдатып, мерзімнің ұлғаюына наразы болғандарды еске түсіреді. Менің бір сұрағым бар: сонда сіздер зорламасаңыздар болмайды ма? Жай ғана заңды бұзбау керек", - дейді желі қолдаушысы Дастан Асқаров. 

"Сергектің" хейтерлері ережемен жүруге дағдыланбаған бұзақылар. Сондықтан камералардың көп болғаны жақсы. Мен ешқандай заң бұзбаймын және айыппұл төлемеймін. Жылдам айдап, адам өміріне қауіп төндіретіндер екі, үш, он есе төлесін. Мүмкін, жиырмасыншы рет төлегенде ақыл кірер. Ондай адамдардың басына қамшыны үйіріп отырмаса, жай сөзге есіріп кетеді. Мәдениетті күшпен үйреткен де дұрыс. Кейінгі ұрпағымыз "тәртіпке бағынған құл болмайтынын" түсінетін болады", - дейді Тони Астана атты желі қолданушысы. 

"Сергек" -  қазақстандық "Көркем-Телеком"  IT-компаниясының өнімі. Ол қала жолдары мен көшелерінде заң бұзушылықты тіркейтін, бақылап-талдайтын "ақылды" камера.

"Сергек" бейнетіркеу модульдер желісін, бейнелерді жазу және тану жүйесін, ақпаратты өңдеу және талдаудың зияткерлік жүйесін қамтиды. Қазақстанда 2017 жылдан бастап пайда болғанмен, сынақта еді. Ал осы жылдың басынан бастап Алматы қаласының көшелерінде іске қосылған "Сергек" камералары айыппұл жаза бастады. Қазір Алматыда 400 камера іске қосулы.
 

Дайындаған: Жанна Мәлік

 

 

Талқылау