Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сербияда президент жақтастары, оппозиция мен полиция арасында қақтығыс болып, ондаған адам жараланды

ШеруФото: AP Photo

Сербияның бірнеше қаласында оппозиция тарапынан наразылыққа шыққандар мен президент Вучичтің жақтастары және полиция арасында жаппай қақтығыстар болды. Биліктің мәліметінше, үш тараптан да ондаған адам жараланған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды.

Президент Александр Вучичтің қарсыластары мен оның Сербия прогрессивтік партиясы мүшелері және полиция арасындағы қақтығыстар сәрсенбі күні ел астанасы Белградта, солтүстіктегі Нови-Садта, оңтүстіктегі Ниш қаласында, орталықтағы Крагуевацта және тағы бірнеше елдімекенде болды.

Президенттік партияның жергілікті кеңселері маңына жиналған тараптар бір-біріне отшашу атып, петардалар, тастар және түрлі заттар лақтырып, төбелескен. Полиция оларды ажыратуға тырысқан.

Сәрсенбі кешке президент Вучич Нови-Садта 64 жақтасы жарақат алғанын мәлімдеп, "бандиттер мен бұзақыларға" ешқандай кешірім болмайтынын айтты. Ол Белградтағы штаб-пәтердің алдына жиналған партия мүшелеріне өзі шықты.

Сербия полициясының басшысы Драган Васильевичтің мәлімдеуінше, елдің солтүстігіндегі Врбас қаласында ғана 16 полицей мен 50 шеруші жараланған.

BBC-дің серб қызметінің мәліметінше, Нови-Садтағы қақтығыстар түнге дейін жалғасқан, сондықтан зардап шеккендердің нақты саны әзірге белгісіз.

Сербия оппозициясы, соның ішінде студенттік ұйымдар, тоғыз айдан бері наразылық акцияларын өткізіп келеді. Олар 1 қарашада Нови-Сад вокзалында темірбетонды күнқағар опырылып, 16 адамның қаза болуынан кейін басталған.

Шерушілер осы қайғылы оқиғаға кінәлілерді жазалауды, жемқорлықпен күресті күшейтуді және кезектен тыс сайлау өткізуді талап етіп отыр.

Әзірге олар премьер-министрдің отставкасына қол жеткізді, бірақ президент Вучич қызметінен кетуге ниетті емес.

Kurir басылымының жазуынша, Александр Вучич алдағы сайлауда өз кандидатурасын ұсынуды жоспарламайтынын мәлімдеді, себебі қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ол енді мемлекет басшысы лауазымына үміткер бола алмайды. 

Сондай-ақ ол билігін сақтап қалу үшін Конституцияны өзгертпейтінін атап өтті. Вучич атқарған жұмысының нәтижелерін мақтан тұтатынын айтты.

Сербия Конституциясына сәйкес, бір адам президент болып екі мерзімнен артық сайлана алмайды. Президенттің өкілеттік мерзімі – бес жыл, ол ант берген күннен басталады.

Вучич 2017 жылы Сербия президенті болып сайланды. Оны 2022 жылғы сәуірде қайта президент етіп сайлады, ал жаңа президенттік мерзімі сол жылдың мамыр айында басталды. Бұл мерзім 2027 жылғы 31 мамырда аяқталуға тиіс.

BBC-дің серб қызметінің нақтылауынша, бұл жолғы қақтығыстар тамыздың 12-сінде басталған. Белградта, Ниште және елдің солтүстігіндегі Врбас пен Бачка-Паланка қалаларында шерушілер президенттік партияның жергілікті кеңселеріне барған. Врбас қаласында, олардың айтуынша, маска таққан және қолында таяқтары бар Вучич жақтастары шабуылдаған.

Полиция партия кеңселерін қоршап, екі тарапты ажыратуға тырысқан.

Осыдан кейін шеруді ұйымдастырушылар тамыздың 13-інде Сербия прогрессивтік партиясының кеңселері алдына және басқа қалаларда да жиналуға шақырған.

Қақтығыстардан бөлек, шеруге қатысушылар кейбір жерлерде жолдарды қайта жапқан. Мұндай әрекетке олар соңғы тоғыз айда бірнеше рет барған еді.

Тәртіпсіздік пен қақтығыс ұйымдастырғандарды билік қана емес, оппозициялық саяси партиялардың да өкілдері айыптады.

Аида Тақабаева
Бейсенбі, 14 Тамыз, 2025 11:13
Талқылау