"Сене алмай, бірнеше рет сұрады": Словения президенті Димаштың жанкүйері болып шықты
ҚР Халық әртісі Димаш Құдайберген Словения президентінің алдында өнер көрсетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: dimashnews.com
31 наурызда Словения президенті Наташа Пирц-Мусар Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келді.
Журналист Әділ Балтабаев Telegram-дағы арнасында Словения президенті мен Димаш Құдайбергеннің кездесуі туралы жазды.
Балтабаевтың айтуынша, шағын құрамда өткен келіссөзде Наташа Пирц-Мусар президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа әнші Димаш Құдайбергеннің фанаты екенін айтқан.
Алайда жоғары мәртебелі мейман тосынсый күтіп тұрғанын білмеген.
"Шын мәнісінде салтанатты қабылдау рәсімінде оның кумирі өнер көрсететін еді. Бұны естіген Словения президенті қуанышын жасыра алмады, тіпті сене алмай, бірнеше рет сұрады. Қабылдау кезінде Мусар Димаштың қолын алып, оның концертінде болғанын айтты. Димаш мұны естігенін айтып, ілтипат білдіргені үшін алғысын жеткізді", – деп жазды журналист.
-
Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбан Димаш Құдайбергенмен жолықты
-
Димаш Құдайберген Тоқаев пен Си Цзиньпиннің алдында өнер көрсетті
Айта кетейік, Ақорда резиденциясында бірқатар іс-шаралар өтті. Салтанатты қабылдауда Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайберген халық әні "Дайдидау" және француз тілінде "Sos d’un terrien en détresse" әндерін орындаған еді.