Сенаторлар "Қоғамдық кеңестер туралы" заң жобасын мәжіліске қайтарды
Сенат депутаттары қоғамдық кеңестің қызметі туралы заң жобасына түзетулер енгізіп, құжатты мәжіліске қайтарып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Палатаның жалпы отырысында ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева заң жобасының мақсаты - Қазақстандағы қоғамдық кеңестер институтын одан әрі дамыту, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілері шешімдер қабылдауға азаматтық қоғамды тарту тетіктерін жетілдіру деп мәлімдеді.
Сенатор Бақытжан Жұмағұлов мәжілісмен мақұлданған заң жобасын талқылау барысында сенаторлар ұлттық әл-ауқат қоры мен қордың тобына кіретін ұлттық компаниялар құрған қоғамдық кеңестің құрылуы мен қызметін ұйымдастырудың тәртібін нақтылауға қатысты бірқатар ұсыныстар жасағанын айтты.
"Қазақстан Конституциясының 61-бабының 5-тармағына сәйкес, комитет Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық кеңестердің қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізуді мәжіліске жіберуді ұсынады", - деді депутат.
Заң жобасы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы", "Ұлттық әл-ауқат қоры туралы", "Қоғамдық кеңестер туралы" және "Құқықтық актілер туралы" заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізеді.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
