Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сенат ҰҚШҰ бітімгершілік қызметіне өзгеріс енгізу туралы заңды мақұлдады

Бүгін сенаттың жалпы отырысында "2007 жылғы 6 қазандағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бітімгершілік қызметі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы" Заң мақұлданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Хаттамаға 2021 жылғы 16 қыркүйекте Душанбе қаласында Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысында қол қойылды. Құжаттың мақсаты - ҰҚШҰ мүшесі саналмайтын мемлекеттердің аумақтарында Біріккен Ұлттар Ұйымының бейбітшілікті сақтау жөніндегі операцияларында ҰҚШҰ бітімгершілік күштерін қолдану тәртібін айқындау. Хаттама аясында "үйлестіруші мемлекет" деген ұғымы енгізіледі.

Сенат депутаты Ғалиасқар Сарыбаевтың 2007 жылы рәсімделген келісімде әскерилердің халықаралық ұйымдардың бітімгершілік операцияларына қатысу тәртібі айқандалмағанын айтты. Осыған байланысты бірлескен құжатқа өзгеріс енгізіліп отыр.

"Оған сәйкес, ұйым мүшелерінің бірі үйлестіруші мемлекет ретінде әрекет етеді, ал қалғандары қажет болған жағдайда оған қосыла алады деген шешімге келді. Үйлестіруші мемлекет мәртебесі – Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Қауіпсіздік кеңесінің шешімі бойынша кез келген мүше мемлекетке берілуі мүмкін", - деді Сарыбаев сенаттың бүгінгі отырысында.

Бұдан бөлек, Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше емес мемлекеттердің аумақтарында Біріккен Ұлттар Ұйымы бастамасымен жүргізілетін бітімгершілік операцияларында бітімгершілік күштерін қолдану тәртібі де нақты айқындалған.

"Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгершілік миссияларына қатысу үшін Хатшылықтың мақұлдауымен үйлестіруші мемлекетке квота бөлінеді. Квота алғаннан кейін ғана Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі сол елді Үйлестіруші мемлекет ретінде мақұлдай алады. Үйлестіруші мемлекет БҰҰ қаражаты есебінен логистика, контингентті тасымалдау және қаржылық мәселелер бойынша өзара іс-қимыл жасайды", - деп атап өтті сенатор.

БҰҰ бітімгершілік миссияларына қатысу-қатыспауды және оның дәрежесін әрбір мемлекет дербес шешеді. Сенаторлар заңды бірауыздан мақұлдады.

 

“Жоғарыда аталған құжат Қазақстан Республикасының мүдделеріне сәйкес келеді және Ұжымдық күштерінің жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған, сондай-ақ жедел және уақытылы әрекет етуге мүмкіндік береді. Негізінен, Қазақстан Республикасы Біріккен Ұлттар Ұйымының халықаралық бітімгершілік процесіне белсенді түрде қатысып келеді және аталған хаттаманы ратификациялау біздің еліміз үшін маңызды құжат болып отыр. Сенаттың тұрақты комитеттерінен осы Заң бойынша ескертулер мен ұсыныстар түскен жоқ", - деді депутат.

Талқылау