Сенат легионерлерді бюджет қаржысынан қаржыландыруға тыйым салу туралы заңды қабылдады
Сенат депутаттары 27 наурызда "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңды екі оқылымда қарап, мақұлдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Sam Barnes/Sportsfile via Getty Images
“Заң дене шынықтыру және спорт саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру, сондай-ақ әкімшілік реформаның екінші кезеңін іске асыру аясында орталық және жергілікті атқарушы органдар арасындағы құзыреттердің аражігін ажырату мақсатында әзірленген”, — деді сенатор Әсем Рахметова.
2 кодекс пен 5 заңға келесі жаңалықтарды қамтитын түзетулер енгізіліп отыр:
- басым спорт түрлерін олардың рейтингі негізінде емес, Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада, Азия және Пара Азия ойындарында ұлттық құрама командалардың өнер көрсету нәтижелері бойынша қалыптастыру;
- республикалық және өңірлік спорт федерацияларын ұлттық спорт федерацияларына өзгерту;
- жоғары жетістіктер спортына жататын басым спорт түрлерін бірінші кезектегі тәртіппен қаржыландыруды жүзеге асыру;
- спорттың ойын түрлері бойынша кәсіби спорт клубтарын ұстауға лимиттер белгілеу;
- Қазақстан Республикасының азаматтары саналмайтын спортшыларды бюджет қаражаты есебінен қаржыландыруға тыйым салу;
- спорт федерацияларын аккредиттеуге қатысты талаптар белгілеу;
- аккредиттелген спорт федерацияларына діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу жөнінде шаралар қабылдау міндетін белгілеу;
- бірыңғай оператордың қаржысына спорт инфрақұрылымы объектілерін салуға мүмкіндік беру;
- уәкілетті орган республикалық мемлекеттік дене шынықтыру-спорт ұйымдарының бірінші басшыларын, жергілікті атқарушы органдар жергілікті мемлекеттік дене шынықтыру спорт ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялауды іске асыру.
- Спорт іс-шараларына және халықаралық спорт жарыстарына жіберу кезінде бірінші топтағы мүгедектігі бар спортшыны алып жүретін адамның шығынын өтеу жөніндегі заңнамалық талап белгіленді.
“Бұдан басқа, спорт медицинасын дамытуға бағытталған нормалар көзделген. Спортшылардың мамандандырылған медициналық көмегін қамтамасыз ету, сондай-ақ спорт медицинасын және оңалту саласында заманауи технологияларды енгізу мақсатында ұлттық спорт медицинасы әрі оңалту ұйымын мемлекеттік кәсіпорын нысанында құру ұсынылады. Спортшылар мен жаттықтырушыларға Мемлекеттік әлеуметтік қолдау көрсету тәртібіне де заңмен өзгерістер енгізілді”, — деді депутат.
Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан азаматы саналатын және ел аумағында дене шынықтыру және спорт саласында кемінде жиырма жыл еңбек өтілі бар, Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері немесе олимпиадалық спорт түрлері бойынша әлем чемпиондары атақтарын жеңіп алған спортшыларды дайындаған жаттықтырушылар материалдық тұрғыдан қамтамасыз етіледі.
Бұдан басқа, заң нормаларымен әкімшілік реформаның екінші кезеңі аясында орталық және жергілікті атқарушы органдар арасындағы құзыреттерді ажыратуға қатысты түзетулер көзделген.