"Сен – ұлдарыңа ең керемет анасың": Тележүргізуші әуе апатында қаза тапқан қазақстандық әйел туралы естелігін бөлісті
Қазақстандық тележүргізуші Санди Сұлтан Ақтаудағы ұшақ апатында қаза тапқан Гаухар Шаймерденова мен оның 11 жасар ұлы Эльдар Жұмағат туралы естелігін бөлісті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото Санди Сұлтанның желідегі парақшасынан
Тележүргізуші Санди Сұлтанның айтуынша, олар 9 жыл бұрын шешендік өнер курстарында танысқан. Гаухар мейірімді, қамқор, шынайы және тәуелсіз, еркіндікті сүйетін жан болған. Ол саяхаттауды жақсы көріп, нотариус болып жұмыс істеген. Ұлдарын ерекше жақсы көріп, анасына қамқорлық танытқан.
"Сен – ұлдарыңа ең керемет анасың. Сен – ең қамқор әрі сүйіспеншілікке толы қызсың. Сен – нағыз доссың. Менің өміріме жарқыраған сәуле сияқты кіріп, өзіңнің қуатты энергияңмен толтырдың… Бізде көп жоспар мен саяхаттар бар еді… Жүрегімдесің. Мәңгілікке... Сенің жарқын дауысыңды сағынамын, осында сақтаймын… Эльдар – кішкентай, бірақ өте қызғаншақ ер бала, сүйікті анасын күндіз де ұзақ уақытқа жібермейтін, үйге тезірек қайтуын талап ететін… Бүгін саған WhatsApp арқылы жауап күтіп хат жаздым… Бірақ, сен желіде таңғы 08:48-де болыпсың. Содан кейін кірмепсің, – деп жазды тележүргізуші әлеуметтік желіде.
Гаухар биыл 49 жасқа толған. Үлкен ұлы Аустралияда оқиды, бірінші курсты тәмамдаған, жақында елге оралған. Санди олардың отбасы болып араласқанын, Гаухардың достарына ерекше ықыласпен қарап, сыйлықтар әкелетінін айтты.
"Ол музыкант еді, ал Гаухар оған әрдайым қолдау көрсетіп, барынша көмектесетін", – деп қосты тележүргізуші.
Мәліметтерге сенсек, Гаухар нотариус болып жұмыс істеген. Гаухар кіші ұлымен бірге Грозныйдағы отбасылық достарына Жаңа жылды қарсы алуға ұшпақ болғанын жазған едік. Таңертең олар Астанадан Баку арқылы Грозныйға бағыт алған, себебі тікелей рейстер жоқ. Қайтыс болған марқұмның артында жұбайы, үлкен ұлы және анасы қалды.
Еске салайық, бұған дейін Ақтаудағы ұшақ апатынан мерт болған қазақстандықтар туралы ақпарат белгілі болды. Ішінде ана мен бала да бар. Ұшақ апатында қаза тапқан Қазақстан азаматтары арасында Маңғыстау облысынан бірнеше жолаушы болған. Олар: 36 жастағы Сәндібек Төлесінов және 39 жастағы Бауыржан Жұмағұлов, 46 жастағы Галина Махсудова. Бұдан бөлек 49 жастағы астаналық Гаухар Шаймерденова мен оның ұлы 11 жасар Эльдар Жұмағат. Сонымен қатар Қарағанды тұрғыны, 29 жастағы Сәлима Жұтаева да мерт болды.