Жаңа босанған алматылық әйел перзентханада коронавирус жұқтыруы мүмкін: Алайда онда вирус туралы ешкімге айтпауды сұраған
Алматылық 28 жастағы Амина (аты өзгертілді) бала босанғанына бір ай да болмаған. Нәрестесін бауырына басқан әйел қалалық Перинатология мен балалар хирургиясы орталығынан шыққан соң өзінен коронавирустың белгілері пайда болғанын айтады. Өкпесі сыр беріп, бүйрегі ауырып, диарея басталған. Айтуынша, вирусқа тестті өз қалтасынан өткен. Қазір перзентханадан шыққалы коронавирус жұқтырғаны анықталса да, бір пәтерде сегіз адам болып тұрып жатыр, осылайша туыстарын қауіп-қатерге тігіп отырған көрінеді. Алайда жақындарына тестті тегін өту тұрмақ, дәл қазір ешкімге керексіз болып қалғандарын айтып налиды.
Редакциямыз тілдескен алматылық келіншек атын өзгертіп беруін сұрады. Себебі айтуынша, қалалық перзентханада оған бұл жайлы біреуге тіс жармаған жөн екенін айтқан. Олай болатын болса, босану орталығына ешкім келмей қалады екен-мыс.
"Біздің елдің протоколы бойынша ауруханаға түскендер жоспарлы операциядан бұрын коронавирусқа тест тапсырады. Бастапқыда корейлік ауруханада тест тапсырдым, 18 мамырда нәтижелер белгілі болды, менде теріс нәтиже шықты.
Ал 24 мамырда перзентханаға жаттым. Ота жасалып, 28 мамырда перзентханадан шығып кеттім. Бар қызық 29 мамырда басталды: сол кезде менде вирустың алғашқы симптомдары пайда болды. Бүйрегім қатты ауырып, дене қызуым 37,5-ге көтерілді. Бұлшық еттердегі ауырсыну сезілді. Бір аптадай бүйрегім ауырды. Маған пиелонефрит диагнозы қойылды, өзім жатқан перзентаханада емделдім. Анализ қорытындылары жақсы болды. Бүйрекке жасалған КТ қабынудың бар екенін көрсетті. Бұл анализдердің қаражатын өз қалтамнан шығардым. Емделіп болған соң, мені үйге жіберді. Үйге келгенде, қайта дене қызуым көтеріліп, өкпем ауыра бастады. Тыныс алуым қиындап, 37,5-37,7-ге дейін, кейін 39-ға дейін жетті. Содан кейін мені перзентханаға қайта алып кетті. Мен дәрігерлерге "Менде коронавирус емес пе, белгілердің барлығы сәйкес келеді" дегенімде, "Сенде вирус болуы мүмкін емес, сенде операцияның асқынуы" деп жауап берді. Жатырға байланысты проблемалар бар екенін айтты", - деп еске түсіреді ол.
Айтуынша, сол күннің ертесінде дәм, иіс сезу қабілеті жоғалып кеткен.
"Тамағым ауыра бастады, үш рет перзентханаға жатқызылдым, ең мықты деген антибиотиктермен емделдім. Содан кейін жағдайым оңалып, өткен сенбіде перзентханадан шықтым. Шыға сала өз бетіммен "Нұрлы тауға" барып коронавирустан тест өттім. Сөйткенде, тест оң нәтиже көрсетті.
Бастапқыда инфекция бар екені анықталған соң мен бірден ауруханаға хабарластым. Олар барлық шараны қабылдады: менімен байланыста болған қызметкерлерді жинап, оларға тестілеу өткізді, оң нәтиже көрсеткендерді үйлеріне карантинге жіберді. Кімнің кінәлі екенін білмеймін: олардан жұқты ма әлде мен өзім ауырып түстім бе, қазір аурудың қайдан келетінін анықтау қиын болды ғой", - дейді әйел.
Оның айтуынша, Денсаулық сақтау басқармасынан хабарласып, жағдайын сұрап біліп отырған.
"Диарея мазалап жатыр, өкпем, бүйрегім ауырады деп айттым. Менімен перзентханада қаншама адам болды, медбикелер, балалар, ересектердің барлығы маскасыз жүрген кездер болғанын атап өту керек. Кейбір заттарды барлық адамдар бірдей қолдана береді. Денсаулық сақтау басқармасынан маған қандай да бір проблема болса, жедел жәрдемге хабарласыңыз деп айтты", - дейді алматылық әйел.
Ол перзентханада босанғалы жатқан бірнеше аналармен байланыста болғанын айтады. Ал қазір пәтерде сегіз адаммен тұрып жатыр.
"Қазір қасымда үш балам, жұбайым, оның анасы және ата-анам бар. Менімен байланыста жүрген жақындарым тесті тегін өте ала ма деп сұрағанымда, қазіргі жағдайға байланысты тесті тегін өткізбейтіндерін айтып, жағдайға қарауды ескертті. Ал жұбайым тесті өз ақшасына өтіп келді.
Кейін өкпем ауырған соң, жекеменшік орталыққа барып өкпенің КТ-сын жасаттым. Одан фиброз, асқыну анықталды. Өкпемнің қазіргі жағдайы созылмалы бронхитпен ауыратын адамдікіндей болып шықты, бірақ мен өмірімде бронхитпен ауырмағанмын", - дейді ол.
Аминаның айтуынша, коронавирус жұқтыратындай перзентханадан басқа адам көп жерде жүрмеген. Сыртқа шықса да, маскамен емес, респиратор киіп жүрген.
"Нақты перзентханадан ауру жұқтырдым деп айта алмаймын, алайда білетінім, перзентханаға жатпас бұрын анализдерім таза болған, босану үйінен шыққан соң белгілері пайда бола бастады. Перзентханадан жұқтыруым әбден мүмкін, себебі онда адам өте көп және сақтық шаралары сақталып жатқан жоқ.
Балаларыма антибиотик беру-бермеу керектігін де білмей отырмын, себебі оларда бұл инфекцияның бар-жоғын да білмеймін. Ал жақындарымды тегін тексерістен өткізе алмай отырмыз.
Барлық жерге хабарласып, барып сынақ тапсыруға тырысып көрдім. Тек инфекциялық ауруханада ғана тексере алады. Бірақ оған түсу үшін протокол бойынша бес күн бойы температура 38-ден жоғары болуы керек екен.
Ең сорақысы, өкпеге КТ жасап, оны маған түсіндіріп беретін дәрігер таба алмадым. Мен дәрігер емеспін, сондықтан мұның менің денсаулығыма қаншалықты әсер ететінін білмеймін, өкпеге қарып бұл вирустың басы ма, әлде асқынған кезі ме, оны да біле алмадым. Ақырында, өзімнің таныстарымның арасынан табуға тура келді", - дейді жаңа босанған ана.
Айтуынша, бұл жағдайға немқұрайлы қарамауымыз керек. Себебі дәл қазіргі сәтте ешкімге керек емеспіз, дейді ол.
"Қазір бізге бұл жәй ғана тұмау дегенді миға сіңіріп тастады. Ал шын мәнінде, бұл мүлде тұмау емес, одан да ауыр. Жағдайдың қиын екенін түсіну керек. Осы жағдайдан түсінгенім: Сен ешкімге керек емессің, саған ешкім көмектеспейді, жедел жәрдем шақырғанда келмейді, дәрігерлер жоқ. Ал адамдар болса әлі де топ болып далада қыдыруын тоқтатқан жоқ. Дүкенде ешкім маска киіп, қашықтық сақтап жүрген жоқ. Адамдар өз-өздеріне ор қазып жатыр. Осыны адамдарға жеткізіп, олардың жағдайдың оңай еместігін айтып жеткізгім келеді.
Қазіргі уақытта нақты бір ем қабылдап жатырмын деп айта алмаймын. Себебі алдыңғы аптада ғана ауыр антибиотиктер қабылдаған соң, қазір белгілі бір уақытқа дейін ешқандай дәрі қабылдауыма болмайды.
Менің түсінгенім, коронавирус өкпе, тыныс алу және асқазан, ішек, ас қорыту жүйелеріне сыр береді. Қазір ауа райы салқын болса да, жиі терлеймін. Асқазаным ауырып, диарея мазаны әбден қашырды. Мұның бәрінен қашан айығатыным белгісіз", - дейді әйел.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
