Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Семіздікті қой ғана көтереді": Байханов Павлодар қаласы әкімі орынбасарының ұсталуы туралы мәлімдеме жасады

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Арслан Қалияқбаровтың ұсталуына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

"Алдағы уақытта тергеу де, сот та өз бағасын береді. Сондықтан тергеудің аяқталуын және сот шешімін күтуіміз керек", - деді Асайын Байханов.

Ол ұсталған Қалияқбаровтың Байханов қала әкімі қызметін атқарған кезінде ТКШ бөлімінің басшысы қызметін адал атқарғанын атап өтті. Дегенмен, Байхановтың айтуынша, адамдар өзгереді, мемлекеттік қызметтің сынағына кез келген адам шыдамайтын көрінеді.

"Жеке айтарым, мен қала әкімі болған кезде Қалияқбаров тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы болған. Ол сол кезде жүктелген қызметті адал, жауапкершілікпен атқарды. Жалпы оған не болғанын білмеймін. Қазақта "Семіздікті қой ғана көтереді" деген сөз бар. Жоғары лауазым, үлкен жауапкершілік бар жерде сынақ та қатар жүреді. Ал өздеріңіз білетіндей, кез келген сынақтың нәтижесі не жаза, не марапат болады", - деп түйіндеді ол.

Талқылау