Семейдегі будда шіркеуінен ежелгі мысыр папирусы табылды (фото)
Шығысқазақстандық коллекционер және өлкетанушы Валерий Колбин алғаш рет көне мысырлық қолжазбаны көрсетті. Семей жеріндегі ғибадатханаға ежелгі папирусты осыдан бірнеше ғасыр бұрын буддистер әкелген екен.
Бұл туралы bnews.kz хабарлайды.
Көне папирус – бірнеше ғасыр бұрын Ертіс даласына жіберілген құжат парақтарының бірі. Коллекционер сирек құжатты жуық арада Семейдің тарихи-өлкентану музейіне беруді ойлап отыр.
Өлкетанушы Валерий Колбин көне Мысыр тарихына ерекше ден қояды. Коллекционердің қолында ежелгі дәуірден сыр шертетін бірегей дүниелер жетіп артылады. Солардың арасында, ең алдымен көзге түсетіні де – көне египет папирусы. Қағаздың бір жағында басы қаһар, хаос, соғыс пен өлім құдайы саналатын Сет символдарының бірі – тасбақамен әспеттелген адам бейнеленсе, папирус жапырағының екінші жағынан ежелгі мысырлықтардың символына айналған көк түсті қоңызды байқауға болады.
Сирек құжаттың Семейде пайда болу тарихы мысыр аңыздарымен, ламаистік наным-сенім және отандық тарихпен астасады.
“Буддизм діні Орта Азияда біздің дәуірімізге дейінгі I ғасырдың ортасында тарай бастады. Ежелгі Жібек жолы бойынан будда мәдениетінің бірталай ескерткіші табылды. Қазақстан аумағында қалмақтар да ғибадатхана мен шіркеу сала бастаған. Мәселен, Өскемен маңындағы Аблайкент шіркеуін айтуға болады”, – дейді тарихшы Қайрат Смағұлов.
“Буддизм дінінің солтүстік тармағы, яғни ламаизм Семей тарихымен тікелей ұштасады. Ертіс маңы аймағында ламаистік шіркеулердің көптеп бой көтергенін жақсы білеміз. Семей іргесіндегі Водный кенті ауданында екі шатырлы, ал Озерки ауылының маңайында он шатырлы шіркеу тұратын”, – деп атап өтті өлкетанушы Валерий Колбин.
Ал жеті шатырдан құралған будда ғибадатханасының орнында 18 ғасырдың басында Семей қаласы орын тепті. Коллекционердің айтуынша, шіркеуде көне құжаттардың архиві сақталған.
“Бізге жеткен аңызға сүйенсек, 17 ғасырдың алғашқы жартысында буддизм дінін таратушы, қалмақ ғалымы және ағартушысы, Орта Азияның белгілі саяси қайраткері Зая-Пандита ламаистік «Жеті шатыр» шіркеуіне ежелгі мысыр тілінде жазылған құжат жолдайды. Осы еңбектің бір парағы біздің заманымызға дейін сақталып, бүгінде бірегей тарихи құжатқа айналып отыр”, – деп түсіндірді өлкетанушы.