Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Семейде суға батқан қызды құтқарған жасөспірім қайтыс болғаннан кейін марапатталды

14 жасар Нұржігіт өзі жүзу білмесе де, өзенге батып бара жатқан қызды көргенде көмектесу үшін суға секірген. Батыр жігіт қайтыс болғаннан кейін "Суға батқандарды құтқарғаны үшін" медалімен марапатталды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Қайғылы оқиға осы жылдың 30-шы маусымында болған.

"Нұржігіт өзінің достарымен Ертіс өзенінің жағасында демалып жүрген, сол сәтте ол суға батып бара жатқан қызды көреді. Көп ойланбай-ақ өзі жүзу білмесе де, қызды құтқару үшін суға секірген. Жанына жүзіп келіп, оны судың шұңқырынан шығарып, жағаға жетуіне көмектеседі. Алайда өзінің судан шығуға күші жетпей қалады. Баланы оқиға куәгерлері судан шығарып алғанда ол ес-түссіз күйде болады. Жедел жәрдем бригадасы Нұржігітке реанимациялық шаралар көрсеткенімен олар оны құтқарып қала алмады" , – деп хабарлады қалалық ТЖД.

29 шілдеде ҚР Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен Әшімжанов Нұржігіт Қанышұлы қайтыс болғаннан кейін "Суға батқандарды құтқарғаны үшін" медалімен марапатталды. Марапаттау рәсімін Семей қаласының Төтенше жағдайлар басқармасы бастығының міндетін атқарушы Ернар Жәлелов жүргізді. Ол баланың ата-анасына көңіл айтып, жас болғанына қарамастан нағыз батыр және азаматтықтың, батылдық пен адалдықтың үлгісі болған ұлына осындай тәрбие бергені үшін алғысын білдірді.

Талқылау