Семейде шырша безендіру кезінде құлап жарақат алған мұғалімге өтемақы берілетін болды
Семейде шырша безендіру кезінде құлап, жарақат алған мұғалімге өтемақы берілетін болды. Оны Семейдің №49 мектеп директоры төлейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: “Buzyq” Telegram арнасынан
“Buzyq” Telegram арнасының мәліметінше, бұл оқиғаны арнайы комиссия тергеп тексерген.
"Жұмыс берушінің кінәсі 100% дәлелденді. Директор енді Қуаттың ем алған кездегі жалақысын толық жабуы керек. Оған қоса емге кеткен барлық шығындарын өтеуі керек”, – делінген хабарламада.
Сонымен қатар, директордың өзі қылмыстық жауапқа тартылады. Комиссияның ойынша, ол еңбек қорғау ержелірін бұзды. Ол заңға сай, 50 күнге дейін қамалып, жұмыстан шығуы мүмкін. Алайда, педагогтың жақындары мен адвокаты директордың ғана емес, әкімдіктің де кінәсі бар деп санайды.
Еске салайық, 21 желтоқсанда Семейде шыршаны әрлеу кезінде мұғалім Қуат Айтқали биіктен құлап, ауыр жарақат алған еді. Оқиғадан кейін оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жағдайға байланысты пікір білдіріп, ұстаздарды міндетіне кірмейтін қызметке жұмсауға болмайтынын ескертті. Кейін жараланған мұғалімнің әйелі биліктен өтемақы талап етті.