Семейде шырша әрлеймін деп биіктен құлаған мұғалім қызметіне орала ала ма – Денсаулық сақтау министрлігі жауап берді
Денсаулық сақтау министрлігі медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің басшысы Гүлнәр Сәрсенбаева Семейде биіктен құлап кеткен мұғалімнің қазіргі жағдайы жайында айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Stan.kz
Гүлнәр Сәрсенбаеваның айтуынша, мұғалім жансақтау бөлімінен шығарылып, палатаға ауыстырылған.
"Науқас 21 желтоқсанда бас сүйек-ми жарақатын алды. Сол күні шұғыл ота жасалды, қазір жағдайы жақсарып келеді. Есін жиды, қажет медицина көмегін алып жатыр. Жансақтау бөлімінен жалпы бөлімге ауыстырылды", – деді ол.
Министрлік өкілінің айтуынша, мұғалім денсаулық жағдайына байланысты әрі қарай да бақылауда болады.
"Науқас сұрақтардың бәріне жауап береді. Денсаулық жағдайына байланысты бақылауда болады. Оның қызметіне қайта орала алуы, барлығы ағзаның жағдайына, қаншалықты тез қалпына келуіне байланысты. Жарақат ауыр, қалпына келу ұзақ уақытты талап етеді", – деп түсіндірді департамент басшысы.
Еске салайық, 21 желтоқсанда Семейде шыршаны әрлеу кезінде мұғалім әрі жазушы Қуат Айтқали биіктен құлап, ауыр жарақат алған еді. Бұл жағдайдан кейін оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жағдайға байланысты пікір білдіріп, ұстаздарды міндетіне кірмейтін қызметке жұмсауға болмайтынын ескертті.