Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Семейде пара алған бастық пен пара берушіге 136 миллион теңге айыппұл салынды

Семейдегі жұмыспен қамту бөлімінің бұрынғы бастығы жергілікті тұрғыннан пара алғаны үшін 85 миллион теңге айыппұл төлеуі тиіс деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Сот жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің бұрынғы басшысына үкім шығарды. Қылмыстық кодекстің 366-бабының 2-бөлігі, 367-бабының 2-бөлігі бойынша пара алу және беру туралы іс 2022 жылы қарашада қарала бастады. Қазір Абай облысының № 2 Семей соты қылмыстық істі қарап, өз үкімін шығарды.

“К. есімді азамат Семей қаласының жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы бола отырып, Ю.-дан қызметі үшін 1,7 миллион теңге көлемінде пара алған. 1 жастан 6 жасқа дейінгі аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар үшін кепілдендірілген әлеуметтік пакетті ұсыну, сондай-ақ жалпы қамқорлық қызметтеріне қатысты болды”, – деді баспасөз қызметі.

Сот Семей қаласының жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің бұрынғы басшысына 85 500 000 теңге көлемінде айыппұл тағайындады. Бұл –  парадан елу есе көп сома. Ю. азаматқа 51 300 000 теңге сомасында, парадан 30 есе көп айыппұл тағайындалды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Талқылау