Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Семейде жоқ ағашты кесуге 150 миллион теңге жұмсамақ болған

Ағаш кесіп жатқан ер адамФото: freepik.com

Семейде 40 метрлік ағаштарды кесуге арналған 150 миллион теңгелік конкурс жойылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

"Семей қаласының прокуратурасы қураған ағаштарды кесу және жасыл желектерге күтім жасау бойынша мемлекеттік конкурс өткізу кезінде бюджет қаражатын мақсатсыз жұмсау әрекетінің алдын алып, 150 млн теңгені үнемдеді", – делінген бас прокуратура хабарламасында.

Қадағалаушы органның мәліметінше, тексеру барысында конкурс құжаттамасында әлеуетті қатысушыларға қойылған негізсіз және шектен тыс талаптар анықталған. Атап айтқанда, биіктігі 40 метрге дейінгі ағаштарды кесуге арналған қымбат жабдықтың болуы талап етілген.

“Мұндай талап артық болып саналады, себебі Семей қаласында мұндай биік ағаштар өспейді және бұл Қазақстанның климаттық жағдайына тән емес", – дейді прокурорлар.

Сонымен қатар конкурс құжаттарында сметалық және техникалық сәйкессіздіктер болған, бұл мемлекеттік қаражатты мақсатсыз пайдалану қаупін арттырған.

"Мұндай заңбұзушылықтар әлеуетті қатысушылардың шеңберін тарылтып, адал бәсекелестік қағидаттарына қайшы келеді. Прокуратура қабылдаған шаралар нәтижесінде конкурс жойылып, құжаттама заңнамаға сәйкестендірілді", – делінген ресми хабарламада.

Прокурорлардың мәлімдеуінше, бұл бюджет қаражатын негізсіз жұмсаудың алдын алып қана қоймай, нарықтағы барлық қатысушылар үшін әділ жағдайды қалпына келтіруге мүмкіндік берген.

Аида Тақабаева
Сейсенбі, 26 Тамыз, 2025 16:21
Талқылау