Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Семейде келіншегін перзентханаға апара жатқан студентті полицейлер ұстап алып кеткен

Семейде полицейлер Шыңғыс Сенғажиев есімді студентті келіншегін перзентхаға апара жатқан жерінен ұстап, қамауға алыпты. Жолдасының айтуынша, алдымен полиция қызметкерлері телефонын тексереміз деген. Жаппай тәртіпсіздікке қатыспағандарын, ай-күні таяп қалғанын айтса да полицейлер жібермеген. Ақыры, толғағы қысқан келіншек сол күні босанған. Қамаудағы азаматтың ісі бойынша туыстары "Аманат" комиссиясына өтініш қалдырған екен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап. 

Дильназ Көгедаеваның айтуынша, жары Шыңғыс екеуі 5 қаңтар күні орталықтан тарсылдаған мылтық дауысы естілген соң алаңға барыпты, бірақ жаппай тәртіпсіздікке қатыспаған. Тек алшақтау жерде тұрып, күйеуі бірнеше бейнежазба түсіріпті. Сосын үйлеріне қайтқан.

Ал ертеңінде кешкісін келіншектің толғағы қысып, перзентханаға шығады. Сол кезде әкімдік маңындағы блокбекетте полицейлер тоқтатып, құжат, телефондарын тексерген. Ондағы бейнежазбаларды көріп, полиция бөлімшесіне алып кетіпті. 

“Мен УВД-ның жанында күтіп тұрдым жолдасымды. Бір-екі сағаттай. Аяғым ауыр болатын. Кейін сол жерде біраз уақыттан кейін суым кетіп, суым кетіп жатыр, жолдасымды босатыңыздар дегеніме қарамастан, мені жалғыз өзімді скорый помощьпен салып жіберді. Больницаға. Сол күні мен босандым. Содан бері жолдасымды көрген жоқпын”, –дейді Шыңғыс Сенғажиевтің жары.

Дильназ адвокат көмегіне жүгінбейінше, Шыңғыстың қайда екенін, не үшін ұсталғанын білмедік дейді. Айтуынша, осы аралықта жары 15 тәулікке қамалған. Кейін "жаппай тәртіпсіздікке қатысты" деп, қылмыстық іс қозғалып, Өскемен қаласындағы уақытша ұстау изоляторына ауыстырылыпты. Үстінен іс қозғалған Шыңғыстың туыстары қоғамдық комиссияға арыз жазыпты.

Құқық қорғаушы Ерлан Қалиевтің айтуынша, семейліктерден 40-тан астам өтініш түскен. Қазір олар қамауда жатқандардың заңды, заңсыз ұсталғанын анықтап жатыр. 

“Туысқандарына ескертілмей, алып ұстап, соғып, қамап. Кебірінің даже адвокат жалдағанның өзінде бүгінге дейін міне жиырма күн, отыз күн қамауда отырғанның өзінде оларға официальный предъявленный айып жоқ”, – дейді құқық қорғаушы Ерлан Қалиев. 

Маман әр арызды жеке тексеріп, зерделеп жазықсыз азаматтарды босатуға күш саламыз деп отыр. Сондай-ақ Семейде қоғамдық құқық қорғау ұйымын құру да жоспарда бар екен.

 

Назерке Мұса
Сәрсенбі, 02 Ақпан, 2022 07:40
Талқылау