Семейде 5-қабаттан құлап көз жұмған жігіттің туыстары ұлдарының өзіне қол салғанына сенбейді
Видеодан скрин
Семейде 28 жастағы жігіт бесінші қабаттан құлап, көз жұмды. Туыстары жігіттің өзіне қол салғанына сенбейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Марқұмның жақындары баламызды досы ұрып-соғып, биіктен сыбайластарымен бірге лақтырып жіберді деп отыр. Себебі олар мәйітті ашқанда зорлық-зомбылық белгілерін байқаған. Тергеуге көңілі толмаған жандар кінәлілер қамалып, жазасын алсын деп отыр.
Қайғылы оқиға 27 сәуірде қаладағы көпқабатты үйлердің бірінде болған. Тұрғындар таңғы уақытта жерде жатқан жігітті көріп, жедел жәрдем шақыртыпты. Бірақ жігіт ауруханаға жетпей көз жұмған. Марқұмның туыстары жас жігіттің бесінші қабаттан секіріп кеткенін сенбейді.
“Жарақаттары өте көп. Біз Әли ес-түссіз күйде құлады деп ойлаймыз. Сот медициналық сараптамасы бойынша Әлидің қан құрамынан және бүйрегінен ешқандай алкоголь табылмаған, есірткілік заттар табылмаған”, – дейді марқұмның әпкесі Шолпан Қалымова.
Жақындарының айтуынша, Әли Құсайынның банк шотында 35 миллион теңге болған. Ол досымен кәсіп ашу мақсатында Өскеменнен Семейге арнайы келіп, баспана жалдаған. Пәтерге түнде тағы төрт адам келіпті. Қылмыс дәл сол уақытта болды дейді марқұмның әкесі. Сөзіне сенсек, жанында жүрген серігі ақшаны қолды қылу мақсатында сыбайластарын көмекке шақырған
“Жігіттер кінәлі, Вова деген ана танымайтын жігіттердің ортасына қалдырып кеткен. Банк шотында 35 миллион теңге болған. Соны жақсы білген бұлар сол ақшаны алу мақсатында өлтірген баланы. Лақтырып жіберген бесінші қабаттан”, – дейді марқұмның әкесі Әбдуғали Қалымов.
Полиция “өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу” бабымен қылмыстық іс тергеліп жатқанын мәлімдеді. Алайда төрт айдан бері күдіктілердің қамалмағаны туыстарының көңіліне күдік ұялатқан. Әли Құсайын үйленбеген. Оқуды бітіре сала кәсіптің көзін тауып, өз ісін дамытқысы келген екен.

"Суды артық пайдаланса, тариф 30% қымбаттайды": Қазақстандықтар су нормасы туралы жаңа ережеге қарсы шықты
