Семейде 4-сынып оқушысы үйінде сабын жасайды
Қарапайым тіршілікте тазалық үшін кір сабынды күнделікті қолданатынымыз рас. Беті-қолымызды жуғаннан бастап, кір сабынға «күніміз қарамайтын» сәт кемде-кем. Дегенмен, осынау тұрмыстық дүниенің қаншама қасиеті барын ертеден білген қазақтың пайым-түсінігіне таңғаласың.
Әсіресе, тосыннан болатын түрлі жарақаттардың жазылуына осы кір сабын себепші екенін көбіміз ескере бермейміз, – деп жазады Дидар газеті.
Мысалы, мамандардың айтуынша, бет терісі әдемі болуы үшін аптасына 2-3 рет кір сабынмен жуып тұру қажет екен. Және бетке кішкентай бөртпелер шықса да, осы кеңесті қолданған дұрыс.
Міне, осындай пайдалы қасиеттері көптеп саналатын кір сабын жасау технологиясын жетілдіріп, қара сабын түрінде ұсынған Семей қаласындағы №39 мектептің 4 «а» сынып оқушысы Жаннұр Алтынбекованың ізденісі үлкен үмітке жетелейді. Әр баланың мектеп табалдырығын аттаған сәтінен бір пәнге қызығушылығы артатыны белгілі.
Жаннұрдың жанына жақын пән – «Дүниетану». Сабақ тақырыбына үнемі ынтамен қарайтын шәкіртінің талабын байқаған Гауһар Мұратжанқызы өсімдіктер әлемін зерттеуге қызықтыра түсті. Әсіресе, кәдімгі алабота өсімдігінен қара сабын жасауға болатыны Жаннұрдың ерекше назарын аударды. Яғни, алаботаны үккіштен өткізіп, одан соң суға қайнатып, оған глицерин, сабынды негіз және эфир майын қосады. Байқап отырған боларсыз, ешқандай химиялық қоспа пайдаланылмайды. Есесіне қара сабынмен жуынуға да болады, кір жууға да тиімді. Қазіргі химиялық қоспасы бар сабындардан айырмашылығы жетерлік. Ұстазы Гауһар Мұратжанқызының шәкіртінің ізденісіне қанат бітіргені текке кеткен жоқ.
Жаннұр Серікжанқызының табиғи қара сабынды пайдаланудың тиімділігін көрсеткен ғылыми жұмысы қалалық олимпиадада топ жарды. Алдымен қала мектептерінен бақ сынаған 120 оқушының арасынан іріктелген Жаннұр екінші кезеңде 30 озаттың қатарында көрінді. Ғылыми сайыстың ақтық кезеңінде қаршадай қыз қара сабын туралы жұмысын сәтті қорғап, 3 орынды иеленді. Бұл, әрине, 4 «а» сынып оқушысы үшін үлкен жетістік.
Айтпақшы, Жаннұр сабынның бірнеше түрлерін үйде жасауға да ден қойып отыр. Онысын әзірге жетілдіру үстінде. Дегенмен, биыл елімізде әлемдік деңгейде өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне осы жұмыстарыммен қатыссам деген де ойы бар.
Білім қуып, ғылым биігін бағындыруға ден қойған Жаннұрдың қадамына жеміс тілейміз, әрине!
Жіберіп алмаңыз:
Екібасты сәби дүниеге келді (видео)
Орал тұрғыны бас киімнің ақысын кәдесый есебіндегі 10 мың теңгемен төлей салмақшы болған